09 шіл, 2022 сағат 09:28

Цифрландыру арқасында өндірістегі адамдардың өмірін қорғауға болады - Мусин


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы апатты азайту жолдарын ақпараттық технологиядан іздеу керектігін айтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін Премьер-Министрмен бірге Қарағанды облысында іс-сапармен болдым.

Сарыарқа өңірінде 292 IT-компания бар, оларда 3 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Өңірдегі ірі компаниялардың арасынан әлемде 60 мыңнан астам маман жұмыс істейтін әйгілі EPAM компаниясын атап өткім келеді, аталған ұйымның еліміздегі ресми кеңсесі осы Қарағандыда ашылған болатын. Сондай-ақ, DamuMed, Flip.kz, BilimAl, Xnet, Wooppay сияқты компаниялар да өз қызметін табысты жүзеге асырып жатыр" - дейді ол. 

Мусин IT мамандар үшін таптырмас орын болып табылатын «Террикон алқабы» IT-хабында болып, Премьер-Министрге өңірлерде технопарктер құру және оларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндаған.


"Сондай-ақ, IT-нарығын дамыту, байланыс сапасын жақсарту, өнеркәсіп секторында цифрлық трансформациялауды қолдану процестері туралы ақпаратпен бөлістім. Атап айтқанда, «АрселорМитталдағы» өндірістік нысандарды аралай отырып, Әлихан Асханұлына өндірістік процестерді цифрландыруға және кәсіпорындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ете алатын 5G технологиясының мүмкіндіктері туралы баяндадым.

Премьер-Министр «АрселорМиттал» кәсіпорнына 5G желілері негізінде үздік тәжірибелерді қолдана отырып, жедел түрде цифрландыру жұмыстарын жүргізуге нақты тапсырма берді, мысалы, «ақылды каскалар» жүйесін енгізу арқылы шахталардағы жұмысшылардың орналасқан жерін анықтауға болады, бұл жүйе олардың диспетчерлермен тұрақты байланысын қамтамасыз етеді және шахталарда болып жатқан оқиғалар туралы онлайн режимде үздіксіз ақпарат бере алады. Бұл - жұмыскерлердің өмірін сақтап қалуға және жарақаттануын азайтуға бағытталған бір ғана мысал. Цифрландырудың арқасында көптеген маңызды процестерді өзгертуге және өндірістегі адамдардың өмірін қорғауға болады" - деп жазды министр Facebook парақшасында.