02 қар, 2019 сағат 17:34

Целиноград ауданының қасиетті жерлерін атпен аралады

«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін жаңғырту мақсатында «Киелі Қазақстан» жобасы мен жастар жылы аясында «АТ ТРАВЕЛ.КЗ» клубының ұйымдастыруымен Целиноград ауданындағы қасиетті жерлерге атпен саяхат жасалды. Қатысушылар Тайтөбе ауылы «Нияз би» кесенесінен ақсақалдардың ақ батасымен атқа қонып, белгіленген маршрут бойынша Қызылжар ауылы арқылы Қабанбай батыр кесенесіне барды.

Ат атты баптау дәстүрі – қазақ халқында ана сүтімен дарыған қасиетті салт. Жылқы малы ең алғаш қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені баршаға мәлім. Ал атқа міну мәдениеті адамзат тарихында өшпес із қалдырып, бабаларымыздың өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғандығы туралы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрініс тапқан. 

«Киелі Қазақстан» экспедициясына 30-ға жуық саяхатшы қатысты. Сонымен қатар ауданның белсенді жастары, әкімшілік мамандары мен еріктілер де бірге болды. Шараға қатысушылар Қабанбай батыр кесенесіне келіп құран бағыштады. Ел ақсақалдары, көнекөз қариялар жастарға жылқының қасиеті жөнінде және осы қасиетті жерлерді атпен жүріп өткен батыр ата-бабаларымыз жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Жиын барысында Берік Ақылбеков, Ержан Жаубай, Таңжарық Сұлтан және шырақшы Әбдірахманов Камал ақасақал, ғалым Зайролла Дүйсенбеков ақсақал сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді. Целиноград ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Е.Байділдина, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Қанапиянов аудан әкімі атынан құттықтау сөз сөйлеп, ғалым Зайролоа ақсалға шапан шапты.

Иә, құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жерімізді балаларымыз атпен жүріп қорғаған. Бүгінгі шарада атпен саяхат жасау туризмді дамыту жайында да айтылды. Туризмнің бұл түріне шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. 

Қорыта айтқанда, бұл шара атқа міну мәдениетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде аудандағы ең айтулы бастамалардың бірі болды. Іс-шара алдағы уақытта өз жалғасын табатын болды.