ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Еуропаға жүк тасымалдаудағы ТРАСЕКА жобасының әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің алдымызда тұрған ауқымды міндеттің бірі – 2025-ші жылға қарай транзиттік-тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу. Елімізді қуатты транзиттік хабқа айналдырудың мүмкіндігі өте зор. Пандемияға және сыртқы саяси жағдайлардың әсеріне қарамастан, транзиттік-тасымал көлемі өсіп келеді. Биыл екі айдың өзінде теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 10%-ке, ал транзиттік жүктердің жалпы көлемі 20%-ке өсті.
Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік транзит көлемі де жыл сайын артып келеді. 2021-ші жылы бұл көрсеткіш 732 мың теміржол контейнеріне дейін ұлғайды», - деген Үкімет басшысы Қазақстанды қуатты логистикалық хабқа айналдыру үшінм теміржол инфрақұрылымын одан әрі дамыту керек екенін еске салды.
«Геосаяси және экономикалық жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде Еуропаға бағытталған транзит көлемі мен жүк тасымалын азайтып алмау үшін тез арада балама маршруттар ашу ісі қолға алынды.
Қазіргі кезде жүктерді Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағыты мен ТРАСЕКА арқылы жіберу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тарифтерді белгілеуге мүмкіндік береді.
Индустрия министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағытының тұрақты жұмысын және қазақстандық бизнес-қауымдастық үшін бәсекеге қабілетті, бірыңғай тарифтің қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов.