ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов еліміздегі дизель отыны нарығындағы жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл дизель отынын өндіру көлемі 4,9 млн тоннаны құрайды, бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Көріп отырғандарыңыздай, динамика бойынша біздің мұнай өңдеу зауыттарымыздағы өндіріс тұрақты түрде өсіп келеді. Жалпы, биылғы 5 айында тұтыну мамыр мен қыркүйек аралығында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 480 мың тоннаға және 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 246 мың тоннаға жоғары болды», - деді Ә. Мағауов Орталық коммуниациялар қызметінде.
Оның айтуынша, еліміздегі бөлшек сауда бағасы көрші елдерге қарағанда айтарлықтай төмен, бұл тұрғыда транзиттік көліктер дизель отынын сатып алуы көлемін арттырған.
Сонымен қатар вице-министр қазіргі уақытта Ресеймен салыстырғанда, көтерме бағаның айырмашылығы тоннасына 80-90 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Ресейде жанар-жағармайдың көтерме бағасы әлемдік мұнай бағасының көтерілуімен бірге өсті. Ал Қазақстанда осы кезде бұл бағалар аздап қана өзгеріп отырды.