25 қар, 2021 сағат 14:21

Транзит логикасы және Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры»


2021 жылғы 23 қарашада Елбасы кезекті саяси жаңалығымен есте қалды. Билеуші партия «Nur Otan»-ның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы кезінде партияны жиырма жыл бойы тұрақты басқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзгерістер дәуірінде халықтың саяси конфигурациясы мен құндылық бағдарларын өзгертетін іргелі бастамалар көтерді.

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Президенті қызметінен кеткен соң Елбасының елдегі түрлі негізгі ықпал ету салаларындағы өзінің билік өкілеттіктерін қазіргі Мемлекет басшысына біртіндеп беру қадамдарын заңдылық деп айтуға болады.

Мәселен, 2021 жылы 28 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы лауазымын ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру туралы ойын айтты. Енді эволюциялық саяси транзит бағытындағы келесі қарышты қадам билеуші партия «Нұр Отан» төрағасының елдің осы басты саяси күшіне жетекшілік етуді Мемлекет басшысына беру туралы бастамасы болды.

Көптеген отандық және шетелдік сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа саяси салмағын күшейтуге ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының партиялық-саяси алаңында жоспарлау және саяси ықпал етудің пәрменді құралына ие болуға мүмкіндік беретін Елбасының маңызды және ойластырылған қадамы.

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы түрінде ұсынған Қазақстанның ұлттық құрылысының құндылық негіздерінің тұсаукесері маңызды болды. Мазмұны қысқа, бірақ маңызы айқын құжат Елбасының ел дамуының негізгі қағидаттары туралы философиялық пайымы мен стратегиялық ой-пікірлерінің қорытындысы.

Бұған дейін бұл тұжырымдамалық ұсыныс жалпы Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту», «Ұлы Даланың жеті қыры», «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» және басқа да бірқатар публицистикалық еңбектерінде де кездесетін. Қазіргі «Елдіктің жеті тұғыры» – Елбасының саяси көзқарастарының квинтэссенциясы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені туралы айтқанда, елдің бірлігі мен тұтастығын, конституциялық құрылысты қорғауды, елдің экономикалық жүйесін тиімді нарықтық реттеу жолына қарышты реформалауды қамтамасыз ете алған, қазіргі заманғы тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі аса көрнекті саяси қайраткер екенін атап өткен жөн.

Өзінің Президент лауазымындағы қызметінде және өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де Нұрсұлтан Әбішұлы өзін «уақыт пен оқиғалардан оза» алатын, дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға және оңтайлы шешімдер табуға мүмкіндік беретін саяси интуициясы бар көреген және бастамашыл көшбасшы ретінде көрсетті.

Оның көшбасшылығы мен саяси кең ой-өрісі Қазақстанда эволюциялық және басқарылатын саяси транзиттің үлгі боларлық жолын құруға мүмкіндік берді. Ол ұсынған билікті қайта құру моделі ұлттық саяси дәстүрлерді де, халықаралық тәжірибені де қамтыды.

Әлемнің бірқатар мемлекеттері өз елдеріндегі түбегейлі өзгерістер кезеңінде дәл осы билікті беру мәселелерінде сүрінгені жасырын емес. Нәтижесінде мемлекеттерді ондаған жылға артта қалдырған, тіпті оларды орнықты және тұрақты мемлекеттіліктен айырған елеулі әлеуметтік-саяси қақтығыстар болды. Ал Қазақстан ел басқару өкілеттігін мемлекеттің негізін қалаушы көшбасшыдан жаңадан сайланған Мемлекет басшысына біртіндеп беру үлгісін көрсете отырып, таңдалған кандидат пен саяси бағыттың дұрыстығына кезең-кезеңімен көз жеткізуде.

Бұл ретте мұндай модельдің орталық идеясы мемлекеттің тәуелсіздігін және қоғамдық қатынастардың тұрақтылығын, саяси институттардың орнықтылығын сақтау және адамдардың санасын біртіндеп жаңғырту болып табылады.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің реформаторлық рухы 30 жыл ішінде егеменді ел өмірінің барлық саласында, тәуелсіздікті заң жүзінде ресімдеу, мемлекеттік шекараларды делимитациялау мен демаркациялау, мемлекеттің бейбітсүйгіш және ядросыз мәртебесі, мемлекет астанасын көшіру жөнінде қабылданған тағдыршешті шешімдердің алғашқы қадамдарынан көрініс тапты.  Ұлттық құрылыстың, әлеуметтік жауапты мемлекет қалыптастырудың іргелі қағидаты этносаралық бейбітшілік пен келісім қағидатын іске асыру болды. Нәтижесінде еліміз нақты нәтижелерге қол жеткізіп, әлемнің неғұрлым дамыған 50 елінің қатарына қосылып, жетекші мемлекеттердің отыздығына кіру жөнінде бұдан да өршіл міндет қойды.

Әлемдік тарихта мемлекеттердің саяси және экономикалық жетістігі билеуші партиялардың ұзақ мерзімді көшбасшылығымен тікелей байланысты екендігі туралы айқын мысалдар бар. Қазақстанда мұндай партия «Nur Otan» партиясы болды. Әртүрлі елдердегі саяси жаңғырулардың логикасы қуатты мемлекет пен дамыған азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін елдің алға қарай 40-50 жыл тұрақты қозғалысы қажет екенін растайды. Көптеген елдердегі билеуші саяси партиялардың мұндай ұзақ мерзімді көшбасшылығы жетістік пен әлеуметтік-экономикалық өсудің шарты болды. Швеция, Жапония, Сингапур, Малайзия және ҚХР мысалдары осыны растайды. Бұл ретте қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және ұлттық егемендікті нығайту жөніндегі эволюциялық және жүйелі реформаларды жүргізуде «Nur Otan» партиясының 20 жылдан астам уақыт ішіндегі саяси тәжірибесі мен жетістікке жетуі заңдылық әрі орынды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Н.Назарбаев өзінің саяси тәжірибесін және ұлт құру үдерісіндегі стратегиялық пайымын Елбасы ретіндегі саяси көзқарастары мен Тәуелсіздіктің мызғымас құндылықтарын бейнелейтін «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығына топтастырып ұсынуының  үлкен символдық мәні бар. Бұл құндылықтар өткен күн мен бүгінді қамтитын мемлекет және ұлт болып қалыптасудың тарихи және заманауи тәжірибесін жинақтап, болашақта дамудың бағыт-бағдарын айқындады.

Осылайша, «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы – Елбасының саяси теориясы мен тәжірибесін саяси-философиялық тұрғыдан ұғыну және жинақтау. Онда алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе де, халқымыздың байырғы ұлттық-мәдени дәстүрлері де қамтылған. Қағидаттар жиынтығында әлемнің көптеген дамыған елдерінің саяси-идеологиялық жоспарлау тәжірибесі байқалады. Мысалы, Түркия Республикасының саяси тарихынан белгілі «Алты жебе» кемалистік доктринасы (ұлтшылдық, республика, халықтық, зайырлылық, мемлекеттік реттеу, революция) Түркияның республикалық Халықтық партиясының бағдарламасында көрініс тапты. Бүгінгі таңда кемализм идеяларын ұзақ мерзімді жүзеге асыру осы елдің президенті антының ресми мәтініне енген. «Федералист жазбаларында» баяндалған АҚШ негізін қалаушылардың идеялары  АҚШ-тың XIX ғасырдағы стратегиялық бағытының негізі болды. Тіпті, конгресс сессиясының әр ашылуының алдында Джордж Вашингтонның ел халқына үндеуі оқылады.

Ел дамуының сындарлы саяси тұжырымдамасын қазақты билеген көрнекті тұлғалардың рөлі мен іс-әрекеттерін бейнелейтін «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы»,  «Абылайдың ақ жолы» сынды халық жадында сақталған өсиеттер арқылы өз халқымыздың ұлттық тарихи-мәдени дәстүрлеріне сүйенбей қалыптастыру мүмкін емес.

Елбасы ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» өзінің тарихи және идеологиялық мәні тұрғысынан біздің қазіргі тәуелсіз мемлекетіміз үшін Ұлы даланың көрнекті қайраткерлерінің ұрпақтарына қалдырған терең этикалық-құқықтық кодтар-жолдаулармен бір қатарда тұр деп ойлаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттіліктің негізі мен тірегі ретінде ұсынған құндылықтары, сөзсіз, ежелгі дәуір мен біздің ұлттық тарихымызға ғана емес, сонымен бірге жалпы адамзаттық этикалық-адамгершілік бағдарларды жинақтаған. Бұл кез келген мемлекет тәуелсіздігінің мызғымас құндылықтарын айқындайтын іргелі құжат.

Елбасы болашақ ұрпақ үшін ұлттық тарих тұрғысынан ауқымды әрі негізді болып отырған егемен Қазақстанның көшбасшылығы мен қуатты болуының формуласын көрсететін қағидаттар жиынтығын ұсынды. Онда ұлттық идеологияның рухани негіздері мен қағидаттары жатыр деп нық сеніммен айтуға болады. Елбасы жариялаған құндылықтар мен қағидаттардың ішінде мыналар:

Бірінші. Біздің халқымыздың тәуелсіз мемлекеттілігі арман-мақсаттар мен ұмтылыстардың, Қазақстанның тең халықтардың әлемдік қауымдастығының тең құқылы мүшесі ретінде өмір сүруі маңыздылығының көрінісі.

Екінші. Мемлекеттің бастауы және тамырлы іргетасының қасиетті нышаны ретінде елдің тұтастығы мен туған жерге қол сұғылмаушылықты қорғау.

Үшінші. Түрлі этностық топтардың, мәдениеттердің, конфессиялық және тектік-топтық, жыныс пен жастық ерекшелік өкілдерін біріктіретін халықтың сөзсіз келісімі. Халқымыздың біртектілігі мен тұтастығын қамтамасыз ететін, ұрпақтан ұрпаққа берілетін, қоғамды ұйыстыратын мемлекеттік тіл мен ұлттың мәдени-өркениеттік кодын зерделеуге ұмтылу және терең білу.

Төртінші. Әр адамның рухани-адамгершілік негізі мен байланысының беріктігін білдіретін отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерге иек арту, оның бастапқы әулеттік бастауына, туған ошағына және тағдырының өркендеп келе жатқан Отанының тағдырымен ажырамастығы.

Бесінші. Елдің мықты әрі жауапты ұлттық әлеуметтік капиталын қалыптастыратын қоғам дамуының моральдық негізі ретінде ұлттық мәдениетті білу, сүю және құрметтеу.

Алтыншы. Ұлттық табысқа жетудің жолы – бұл адамдардың өмірін өзгертуге, әрбір азаматтың, отбасының, ауылдың, қаланың, өңірдің және бүкіл елдің болашағын айқындауға қабілетті прогрестің негізгі шарттары болып табылатын терең білім мен адал еңбек.

Жетінші. Халықаралық турбуленттілік және елдер арасындағы бәсекелестік жағдайында біздің халқымыздың санасына өз күштері мен мүмкіндіктерін прагматикалық, ұтымды бағалау, ұлттық байлықтар мен даму ресурстарын пайдаланудың ақылға қонымды және үнемді стратегиясын әзірлеу, өзінің өршіл мақсаттарына қол жеткізуде өз күштеріне сүйену қағидаттарын сіңіру біздің тәуелсіздігімізді қамтамасыз етудің және мемлекеттің функционалдық күшін толықтырудың сөзсіз сындарлы бағыты болып табылады.

Осылайша, айтылғанды қорытындылай келе, «Елдіктің жеті тұғыры» – бұл ұлттық рухты, қазақстандықтардың бір-біріне деген қарым-қатынасының тұрақтылығы мен сенімділігін нығайтудың бүгінгі және болашақтағы идеологиялық бағыты, қазіргі таңда және болашақта барлық саяси күштерді топтастырудың маңызды негізі деп айтуға болады. Осы жолдың сындарлығы мен іске асырылуының кепілі елдің қазіргі заманғы егеменді дамуының 30 жылы ішінде көрсеткен «жауапты көшбасшылық» тәжірибесі болып табылады. Іс жүзінде Қазақстанның Тәуелсіздік дәуіріндегі сөзсіз жетістіктері елімізде «Назарбаев моделін» табысты іске асыру факторымен қамтамасыз етілді.

Айдар Амребаев, ҚР БҒМ ҒК ФСДИ 

Саяси зерттеулер орталығының директоры