Қазақстанның 17 қаласындағы заңсыз құмар ойын мекемелерін өз бақылауында ұстап келген АҚШ, Испания, Непал, Болгария, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтар ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, еп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өткен жылы полицияның аумақтық департаменттеріне және ІІМ-ге азаматтардан рұқсат етілген бинго-клубтарда құмар ойындардың (онлайн казино, электронды рулетка, покер және т.б.) ойналатыны туралы 70 арыз келіп түсті», - делінген министрлік хабарламасында.
Мәлім етілгендей, былтыр еліміздің 17 қаласында орналасқан заңсыз құмар ойын мекемелеріне бақылау жүргізіп келген бірнеше трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды.
«2018 жылы ІІМ-нің арнайы тобы Бас прокуратураның көмегімен республика бойынша 5 ауқымды шұғыл-тергеу шараларын өткізді. Нәтижесінде 17 қалада 48 заңсыз құмар ойын мекемесін өз бақылауларында ұстап келген 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды («Бинго Бум», «Мистер Бинго», «Зодиак», «Империал», «Рояль ВИП»). Іс материалдары сотқа берілді және осы уақытта іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушылары және басшылары АҚШ, Испания, Непал, Болгария, Ресей және Қырғызстан азаматтары болып табылады. Барлық шетелдік азаматтың тұлғасы анықталды. Олардың екеуі ұсталды, алтауы халықаралық іздеуге жарияланды», - деп атап өтті министрліктен.
Іс бойынша күдікті ретінде 40-тан астам адам өтуде. Оның 9-ына қатысты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
«2012 жылдан бастап тек «Империал» клуб желісінің кірісі 7,5 млрд теңгеден астам сомаға жетсе, «Мистер Бинго» желісі - 3,5 млрд теңге, «Зодиак» желісі 1,1 млрд теңге кіріс тапқан. Құмар ойындар мекемелерінің қылмыстық әрекетінен түскен табыс түгелдей дерлік жолға қойылған арналар бойынша шет мемлекеттерге аударылып отырған», - делінген баспасөз хабарламасында.
Полицияның хабарлауынша, рұқсат етілген бинго-клубтар ретінде тіркеліп, құмар ойын ойналатын бұл мекемелерде адамдар ірі ақшаларынан айырылып жатады. Тіпті, ойыншылар ақшаны қарызға немесе несие түрінде алып, ақшалай құлдыққа одан ары матала береді екен.
«Кейде ақшасынан айырылып қалғандардың қылмысқа барып жататыны да белгілі. Мәселен, соңғы 2 жылда Астана қаласында ғана ойын орындарынан тұрақты түрде шықпайтын клиенттер 14 ойын орнында 27 қылмыс (1 кісі өлтіру жағдайы, 22 ұрлық, 2 тонау, 2 қарақшылық) жасаған», - деді ведомстводан.