Қызылорда облысы Қазалы ауданында мейрамханада қыз ұзату тойын жасаған тұрғын жазаға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Қазалыда мобильді топ мүшелері төтенше жағдай кезінде тұрғындарға адам көп жиналатын жерге бармау, той-жиын өткізбеу жөнінде түсіндірме жұмысын күнделікті жүргізуде. Соған қарамастан ауласында той жасау, мейрамханада қыз ұзату жағдайы кездескен. Олар тиісті жазаға тартылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, Сыр өңірінде 15 наурыздан бастап осы мақсатта жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып рейд жүргізілуде.
Рейд барысында жарғымен бекітілген шектеуді сақтамай келген 34 кәсіпкер, төтенше жағдай режимін бұзып құқық бұзушылық жасағаны анықталды. Бүгінгі күнге құқық бұзғандарға қатысты 20 әкімшілік іс сотпен онлайн түрде қаралып, оның ішінде 16-сына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, төртеуі әкімшілік қамаққа алынды.
Бұдан бұрын Қызылордада ауласында той жасаған тұрғын жазаланған болатын.