Жамбыл облысының Жуалы аудандық ІІБ полиция қызметкерлері төтенше жағдай кезінде жаппай іс-шаралар өткізудің екі фактісін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жуалы ауданындағы Талапты ауылының 46 жастағы тұрғыны жалпы тыйымға және коронавирустық инфекциядан қорғану шараларына қарамастан, үйінде өткен құдылыққа және қызының ұзату тойына қонақтарды шақырған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Заң бұзған әйел адамға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-бөлігіне сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 26510 (жиырма алты мың бес жүз он) теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ, ұлттық көкпар ойынының бастамашысы болған Нұрлыкент ауылының 37 жастағы тұрғыны да жауапкершілікке тартылған» делінген ведомство хабарламасында.
Ауыл тұрғындары арасында ат жарысын өткізген құқық бұзушы жеті тәулікке қамауға алынды.
Полиция департаменті төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ескерту немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделгенін ескертеді. Сонымен қатар, төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкіліне бағынбағаны үшін ҚР ҚК-нің 379-бабына сәйкес қылмыстық жаза қарастырылған.