Фото: canva.com
Балалар омбудсмені Динара Закиева Шымкентте Балалар құқықтары жөніндегі уәкілімен бірлесе жұмыс істей келе бірнеше заңбұзушылықтың беті ашылғанын жазды. Балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын айтты.
"Ақпан айынан бері біз ҚР ІІМ, Бас прокуратура және Шымкент қаласының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілімен бірлесе жұмыс істеп келеміз.Бұл оқиғада біраз сұмдық бар, соның бірі – балалардың үлкенінің сөзінше, асырап алушылар балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған. Іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ, олар балаға тиесілі ақшаны ешкілер сатып алуға жұмсап, балаға баққызып қойғандары туралы дерек бөлек тергелуде.
Бұл жағдайда балалардың үлкенінің денесіндегі көгерген жерлерді көрген мектеп мұғалімдері және қамқоршылық органдарына сұрақ көп. Оларға қатысты да қылмыстық істер қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Бұл кейінгі бірнеше айда бала асырап алған отбасылардың тарапынан болған азаптау анықталған 4-ші жайт", - деп жазды ол.
Мектеп мұғалімдері балалардың денесіндегі көгерген жерлерді көргенде, қамқоршылық органдарына сұрақтар туындады. Осыған қатысты да қылмыстық істер қозғалды.
Қабылданған шаралар
Ақпан айының соңында Президент Әкімшілігінде әкімдіктермен кездесу өтті. Нәтижесінде:
1. Наурыз айынан бастап рейдтер: Барлық асырап алушы отбасыларды тексеру басталды. Аяқталу мерзімі - 1 шілде.
2. Заңға өзгерістер енгізілді: Мемлекеттік және қамқоршылық органдарға тексеру жүргізу бойынша өзгерістер қабылданды. Бұрын қамқоршылық органдарды тұрақты тексеру жүргізілмеген.
3. Қамқоршылық органдарының қызметкерлерінің тапшылығын шешу: Қамқоршылық органдарының қызметкерлерінің құзыреті мен санын бекіту туралы түзетулер дайындадық. Мысалы, Шымкентте 485 мың балаға 5 ғана қамқоршылық қызметкері бар. Бұл санды 90-ға дейін арттыру керек.
Маңызды мәселелер
- Қамқоршылық қызметкерлерінің жүктемесі: Қазір бір қызметкерге 90 мың бала келеді. Халықаралық стандарт бойынша бұл сан 5 мың бала болуы керек.
- Қызметкерлердің жағдайы: Қамқоршылық қызметкерлеріне көлік берілмейді, жалақылары төмен.
- Жалақыны арттыру: Қызметкерлер жалақысын 50%-ға арттыру мәселесін қарастырдық. Бұны үш аймақтан басқа барлық аймақ қолдап, келісім берді.
Балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін бұл қадамдар өте маңызды.
Бұған дейін Шымкентте алты баланы қамқорлығына алып, оларды қинады деп күдікке ілінген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазған болтынбыз.