11 сәу, 2018 сағат 10:19

«Төрт ағайынды» ісі: Сотта Еркін Ізбасар өлең оқыды

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «төрт ағайынды» ісі бойынша Еркін Ізбасар жауап беріп жатыр. Ол өзінің өмірі мен денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айыпталушы Алматы облысында туған. Кейін Ақтөбе облысы, Темір қаласындағы орта мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе медициналық институтына оқуға түскен. Төртінші курсқа келгенде Ақтөбе ветеринариялық университетіне түсіп, оқуды аяқтаған. Ол 1984-1986 жылдары әскерге барып, борышын өтеген. Ал 1997 жылы жол-көлік оқиғасына тап болып, арбаға таңылған. Содан бері 13 рет ота жасалған. Ота Ақтөбе, Алматы қалалары мен Германия, Ресей, Қытайда жүргізілген. Сотталушы Еркін Ізбасар өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, қазір денсаулығы ауыр екенін жеткізді.

«Үшінші рет сотқа келіп тұрмын. Мені соттай бере ме? Он жыл сайын соттап отыр. 1937 жылы бәрін соттап, атып тастады. Шындық жеңеді. Мені қамап, ұрып-соғып, тісімді сындырып тастады. Қызуым да көтеріліп отыр еді. Қапты басыма кигізді.

«Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны атқаны.

Маған қиын осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп-қапқаны», деп айтқым келеді. Ал Аухат Қалиев үнемі жанымда жүрді. Бұл босқа отыр, мені көтеріп жүргені үшін. Мені күніне 8-12 адам көтеріп жүреді. «Неге көмектесесің?» деп сұрайды. Мен үшін, сауабы үшін тасыды»,- деді Еркін Ізбасар сот отырысы кезінде.

Айта кетейік, кеше сотталушы Қалдымұрат Қартжан сот алды жауап алу кезінде өзін азаптағанын жеткізген болатын. Сондықтан ол сот алды берген жауабынан бас тартты. Бүгінгі сот отырысы кезінде қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады, заңсыз сақтап, тасымалдады деп айыпталып жатқан Еркін Ізбасар жауап беріп жатыр.

«Менің айыбым - бетіне тіке, шындықты айтамын. Қазір сабыр сақтап отырмын. Бәлкім, БҰҰ-ға шағым түсіремін. Басқа амалым жоқ. Мүгедек болған адамды ешкім түсінбейді. Мен бір жерде жатып, бәрін жұмсауға тура келеді. Cебебі, өзіме қажет заттарды барып ала алмаймын. Адамдар да шаршайды менен. Бірақ амал жоқ», - деді Еркін Ізбасар.

Сот отырысы жалғасып жатыр.