24 нау, 2022 сағат 12:45

Торнадо АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласын қиратып кетті


Жаңа Орлеанның (АҚШ, Луизиана штаты) шығыс жағында қатты торнадо болып, кем дегенде бір адам мерт болды және сегізі зардап шекті. Сондай-ақ, үйлер қирап, электр желілерін түбімен жұлып әкеткен, көліктер аударылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters-ке сілтеме жасап.

Сейсенбі күні 19:30-да Сен-Бернар округі Араби ауданында құйын тәрізді түнерген сұрапыл қара бұлт ғимараттарды жермен жексен етіп, көліктерді аударған. 

Құтқарушылар 26 жастағы ер адамның мәйітін үйінің алдынан тапқан, тағы сегіз адам ауруханаға жеңіл жарақатпен жеткізілді. 

Ұлттық метеорология қызметінің метеорологтары залалды зерттеп, торнадоның Фудзиты бес балдық шкаласына сәйкес EF3 болғанын мәлім етті. Желдің жылдамдығы сағатына 136-дан 165 миль болған.