23 сәу, 2018 сағат 08:45

Топырақ көшкіні Көлсай көліне жетті - Баталов шұғыл тапсырмалар жүктеді

Алматы облысының əкімі Амандық Баталов Кеген жəне Райымбек аудандарындағы тау бөктерлерін зерттеуді тапсырды.

Бүгін облыс əкімі Көлсай сайына ұшып келіп, жедел штабтың жұмысына қатысты, деп хабарлады Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі. 

22 сəуірдегі жағдай туралы облыс əкіміне ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев баяндады.  

"Опырылған лай көшкіні Көлсай көлінің арнасына жетті. Топырақтың қозғалысы сағатына бір метрден жылжуда. Топырақ көлдің арнасын жауып тастауы мүмкін. Бірақ көл жаңа арнамен ағуы ықтимал. Қазір одан екі текше метр су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өткізілетін су көлемі 30 текше метрге жетеді. Топырақ массасы көл суы арқылы шайылады. Бірақ бұл көл түбінде кішкентай бөлшектердің пайда болуына ықпал етіп, оның арнасынан асуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эвакуациялық канал арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жарылыс жұмыстары қолданылуы мүмкін, - деді Тоқтар Баймолдаев.

Сарапшылардың пікірін тыңдай келе Амандық Баталов бірқатар тапсырмалар берді. Ең алдымен, оның сағасының түбін шынжыр табанды экскаваторлар арқылы тереңдету. Егер тау массасы көлді жауып тастаса, суды сарқып алу немесе сифондық əдіс арқылы мореналық көлдерге өткізу тəсілін қолдану керек. 

"8 сəуірде бұл жерде жер сілкінісі болған, оның артынан жауын жауды. Мұнда тектоникалық жарылу сызығы бар. Осының бəрі жинақтала келе, қалыптасып отырған жағдайды туғызуы мүмкін. Қазір тау бөктерлеріне, əсіресе елді мекендер маңына мұқият зерттеу жасау керек», - деді  Амандық Баталов. 

Сонымен қатар, облыс əкімі электр желілерінің айналма жолын жəне геологиялық жағдайларды ескере отырып жол салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 

Қазір оқиға орнына барлық қажетті техника жұмылдырылған, тау массасының қозғалысы сағат сайын бақыланып отыр. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ облыс əкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кейбір БАҚ-та жарияланған Саты ауылына апаратын жол жабылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жол жабылған жоқ, ашық. Тау массасының қозғалуы «Көлсай көлдері» Ұлттық саябағы кардоны маңында орын алған.