Томирис Байсафаны өлтіру ісі бойынша отырыс бас айыпталушы Муртузали Меджидовтың келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды. Бұл туралы марқұмның анасы Жанна Ахметова айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жанна Ахметова Instagram-дағы жеке парақшасында Мәскеудегі соңғы оқиғалар туралы жазба жариялады.
"09.02.22 Мәскеудің Измайлов аудандық сотында отырыс өтуі керек еді, бірақ Меджидовтың келмеуіне байланысты болған жоқ. Олар апелляциясының шешімін күтіп жүр, сол үшін жаңа сотқа келмеді.
14.02.22-ге ауыстырылды, олар қайта келмейтініне сенімдімін", - деп жазды Ахметова.
Еске салайық, 2018 жылдың 13 сәуірінде ММХҚИ Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының төртінші курс студенті Томирис Байсафа жұмбақ жағдайда ЖОО-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Сол жылдың 3 мамырында Томирис Склифосовский ғылыми-зерттеу институтында қайтыс болды.
Томирис Байсафаны өлтірді деген күдікпен Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидов ұсталған еді.