25 шіл, 2017 сағат 09:36

Толеранттылықтың ислам тарихындағы жарқын көрінісі

«Толеранттық» атауы халықара­лық термин сөз болғанымен, мағы­насы қазақтың төл сөзі – кәдімгі мәмілегерлік дегеннің баламасы. Ол қа­рапайым тұрмыста көршінің көр­шіге деген мәмлегерлігінен бастап, кең ауқымда мәдениеттер арасын­дағы, діни конфессиялар, ұлттар, ұлыстар, тілдер арасындағы өзара мәмілегерлікті, ымыраласуды білді­реді. Ең бастысы –қазақтың мәмілегерлігінде шек жоқ екенін ешкім жоқ­қа шығара алмас.

Дін – адамзаттың рухани мәдениетінің негізгі факторы. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыс, этносаралық келісім, адами құндылық дамып, өз жемісін береді. Қазақстан – көп этносты мемлекет. Әрбір этностың өз наным-сенімдері мен этно-мәдени кеңістіктері әрі теологиялық, әрі әлеуметтік мәселе болып табылады. Әрбір дінде адам еркіндігі басты орында тұрғандықтан әркімнің қалаған дінін ұстану құқығы бар. Сондай-ақ, қазіргі таңдағы көтеріліп жатқан толеранттылық мәселесі өзара сыйластықпен бейбіт өмір сүру мағынасын білдіреді.

«Тәуелсіздік» сөзі – дербестік, бостандық, азаттық, егемендік, еркіндіксияқты мағыналарды білдіреді. Қазақ ұлтының «Қазақ» атауымен аталуы да қазақ халқының  еркін, дербес, өзгеге тәуелді болмай өмір сүруінен шыққан. Тарихымызды Керей мен Жәнібек сұлтандардың қазақ хандығын құру кезеңімен қабылдағанымызбен, одан әріде көшпелі тәуелсіз, еркін ел болғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. С. Сейфуллин «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде: «Көп елінен оқшауланып шығып, жауынгерлік кәсібінде болғандарды «қазақ» депті – деген сөзімен «Қазақ» сөзінің жауынгерлік, еркіндік ұғымы екенін көнеден келе жатқан мысыр, парыс, өзбек, орыс жазбаларындағы тарихи деректер растайды» деп түйіндеген. Сол тарихтағы хандарымызды ақ киізге аялап көтерген күнімен бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңы тәуелсіз қазақ халқының жеңісі емес пе?! Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Тәуелсіздік – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт» деген болатын.

Тәуелсіздік бізді қағажу көрген тілімізге де, қудалау көрген дінімізге де қауыштырды. Дініміз жүдеу тартқан көңілімізге иман нұрын ұялатты. Рухани талпыныстардың нәтижесінде кешегі материалистік дүниетанымның кері әсерінен құтылып, адамзат ұрлық-қар­лық, зорлық-зомбылық, өшпенді­лік, ашкөздік, арсыздық сияқты жаһан­дануға жұтылып кетудің алдына тосқауыл қойылды. Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінінің тарихын, дәстүрін, шариғат нормаларын оқып-үйреніп, ұрпақтың жадында қалдыру керек екенін де ұқтық. Себебі, қазақ халқының тарихы мен болашағы әрдайым ислам құндылықтарымен ұштасқан. Қазақ халқы армандаған тәуелсіздігінің ширек ғасырын мағыналы да, баянды өткізді. Енді, осы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында не істеу керек? деген сұраулы ойымызды ислам тарихымен бір байланыстырып көрелік.

Мекке кезеңінде түскен аяттар Алла Тағала мен адамзаттың, адам балаларының өзара ара-қатынасын реттейтін діни-ахлақи қағидаларды құрады. Көнеден келе жатқан қате таным, әділетсіздік және бөлінушілік секілді қоғам бүтіндігін бұзатын әрекеттердің алды алынды. Ал, ислам тарихындағы «Мәдина конституциясы» Мұхаммед пайғамбар тарапынан ресми түрде Мәдина кезеңінде бекітілді. Бұл ата заңда дін бостандығы ашық көрсетілуіне байланысты өзге дін өкілдері де келісіп, мойындаған алғашқы саяси-құқықтық құжат болды. 40-дан астам бабтан тұратын Мәдина конституциясында шариғат талаптары негізінен төмендегідей үш бағытта іске асырылды деуге болады.

  1. Мұсылмандар арасында имани бауырластық одағын құру.
  2. Мүнәфықтарды (екі жүзділерді) билікке жақындатпай, сақтықты күшейту.
  3. Кітап иелерімен толеранттылық келісім шартын жасасу.

Әуелгісі, Мұхаммед пайғамбар Мәдинаға көшіп келісімен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жергілікті халық – аус пен хазраж арасындағы ру-тайпалық қақтығыс пен ішкі саяси-идеологиялық іріткіге тосқауыл қойды. Сонымен қатар, мұһажирлер (Меккеден қоныс аударған сахабалар) мен ансарлар (мәдиналық сахабалар) арасында рухани бауырластық түсінігін орнатып, бұрын-соңды болмаған өркениеттің жаңа бір үрдісін іске асырды. Бұл одақтастық Құрандағы: «Ақиқатында, иман еткендер – бір бауыр» (Хұжрат сүресі, 10-аят) деген аяттың аясында қалыптасты.

Аяттағы имани бауырластық мәселесінде «иман» (сенім) ұғымының орны қандай? – деген сұрақ төңірегінде түрлі пікірлер айтылды. Мәселен, отбасы немесе туыс-туған байланысын құраған қандық, тектік жақындығы бар жандар арасында өзара сүйіспеншілік, жанашырлық сезімі бар. Олар бір-бірін іздеуді, қуаныш-қайғыны бірге бөлісу міндетін табиғи түрде қабылдайды. Сол түсінік негізінде отбасы бүтіндігі сақталады. Имани бауырластық та құдды сол тәрізді үлкен отбасы саналатын қоғам бүтіндігін сақтаудың кеңейтілген түрі есептелді. Өйткені, қоғам бүтіндігін сақтауда қандық, тектік бауырластықтың аясы тар болғандықтан ұлттар мен ұлыстардың әртүрлі рухани-материалдық қажеттілігін, әлеуметтік проблемаларды қандық туысқандық шеше алмады. Осы тұрғыдан күллі адамзаттың басын біріктіретін бір таным, бір мақсат негізіндегі имани бауырластық ұсынылды. Алғаш мұһажирлер мен ансарлар арасында жүзеге асқан имани одақтастықтың нәтижесінде, ислам діні жарты ғасырда әлемнің үштен екі бөлігіне әділетті билігін жүргізсе, соңғы ғасырлардағы мұсылман әлеміндегі алауыздық өзге елдің боданына айналуға әкеліп соқты. Алауыздыққа түсіп жүрген батыс әлемі, Мұхаммед пайғамбардың жүзеге асырған «Имани одақтастық» үрдісінің көшірмесін «Европа одақтастығы» деген атпен қабылдай білді, соның арқасында көп жетістіктерге қол жеткізді. 

Екіншісі, мұнафық – сырттай мұсылман, дін жанашыры болып көрінгенімен ішкі жан дүниесімен мұсылмандарға қарсы ислам дұшпанына берілген атау. Алла тағала Құранда: «Адамдардың кейбіреулері, екі жүзді (мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ, олар сенбейді. Олар (өздерінше) Алланы және иман келтіргендерді алдайды. Бірақ, олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді» (Бақара, 8-9) делінген.

Исламнан бұрынғы мәдиналық арабтардың арасындағы «Буас» соғысынан кейін Әус тайпасының басшыларының бірі Абдулла ибн Убайдің әус пен хазраж арабтарының арасында беделі өсіп, Мәдинадағы даулы мәселелерге билік айта бастады. Ибн Хишам, Абдулла ибн Убайдің Мәдинаға басшы болғанын айтса, Мұхаммед Хамидуллаһ Ақаба келісімінің алдында Әус пен Хазраж арабтары Абдулла ибн Убайды Мәдинаның королі етіп сайламақшы болғандығын айтады. Екінші Ақаба келісімінде әус пен хазраж өкілдері хазіреті Мұхаммедті Алланың елшісі және көшбасшы тұлға ретінде танығаннан кейін, Абдулла ибн Убай Мәдинаға король бола алмай қалады. Оның Мәдина халқының басшысы бола алмай қалуы Мұхаммед пайғамбарға және Оның сахабаларына деген қарсылығын  тудырып, мақсатына жету үшін екі жүзділікке барғаны айтылады.

Дана халқымыздың: «Іштен шыққан жау жаман» дегеніндей Тәбук соғысына да сексеннен аса мұнафықтар қатыспай, Мәдинада бой тасалап қалған болатын. Сонымен қатар, олар жәй жатпай, мұсылмандарды өз ішінен ірітуді мақсат етіп, жымысқы саясатпен Құба мешітіне бәсекелес Дирар мешітін тұрғыздырады. Олардың бұл ісінен хабардар болған Алла елшісі Мәлік ибн әд-Духшум және Мәғин ибн Адий атты сахабаларын жіберіп Дирар мешітін құлатқызады.

«Қой терісін жамылған қасқырдың» кебін киген мүнәфықтар халифалар кезеңінде де харижилік ағыммен бой көтерсе, кейінгі ғасырларда «уахабизм» немесе «салафизм»атымен кеңінен таралды. Сондықтан, мұндай радикалды ағымдардың билік жаққа көтеріліп, идеологияларымен бұқара халыққа ықпал етулері, БАҚ еркін жұмыс істеулері, қоғамдағы орталықтарды немесе белгілі бір базарларды иемденулері, тіпті, мешітке келсе көпшілік жамағатқа қосылмай сыртта топтасып бөлектеніп тұрулары ел бірлігін бұзатын әрекеттер болып табылады.

Үшіншісі, Мұхаммед пайғамбар Мә­динаға келіп қоныстанған соң қаланың беделді кісілерінің басын қосып, мемлекеттік ата заңды бекітті.  Мәдина тұрғындарының бір бөлігін құрайтын яһудилер, христиандар және мұсылмандар арасындағы құқықтық мәселелер жөнінде бірнеше бабтан тұратын келісім шарт жасалды. Бұл туралы дінтанушы М.Исахан: «Мәдина Конституциясының 1-ші бабында «Бұл кітап (келісім құжаты), Мұхаммед пайғамбар тарапынан Құрайыш пен Мәдина мұсылмандары, оларға бағыныштылар мен кейін қосылғандар және бірге соғысқандар арасында түзілді» деп, Ясрифті мекен еткен мұсылмандармен бірге, Нәдір, Қайнуқа, Құрайза яһуди тайпалары және өзге де бірлі-жарым христиандардың құқықтары қорғалатынын жеткізеді» деген. 

Батыстық ғалым С.Арнольд мұсылмандық басқару жүйесі жөнінде: «Мұсылман басшылардың қол астындағы христиандарға көрсеткен кеңшілігі тұнып тұрған өнеге. Алғашқы кезеңдегі толеранттылық басқару жүйесі кейінгі ұрпақтарда да жалғасын тапты. Тарихтағы христиан өкілдерінің мұсылмандықты қабыл етулерін сенім еркіндігі негізінде болғанын кесіп айта аламыз. Күнімізде де христиандардың мұсылман елдерінде өмір сүріп жатуы сол толеранттылықтың айғағы емес пе?!» дейді. Демек, толеранттылық өмір сүру салтын қалыптастыру – өзге дін өкілдеріне ислам дінінің жарқын бейнесін іс жүзінде көрсетудің бірден-бір жолы. Құранда: «Егерде олар (өзге дін өкілдері) бейбіт бітімге келуге ыңғай тынытса, сен де оң ыңғай таныт...» (Әнфал сүресі, 61-аят) деген аяттың тәпсіріне имам Матуриди: «Олар (мұсылман еместер) бізден (мұсылмандардан) бейбіт өмір сүруге ұсыныс жасайтын болса, оны қабыл ету бізге міндет болады. Тіпті, олар бейбіт келісімді қаламаса да, қажеттілік үшін (бейбітшілік үшін) біз оларды бейбіт келісімге келуін сұрауымыз керек» деп ашықтап өткен. Ислам діні әрдайым бейбіт қоғам қалыптастыруға үндейді. Ал еліміздегі толеранттылық ата-бабамыздан, дәстүрімізден келе жатқан құбылыс. Біз басқа этнос өкілдерін жатсынбайтын ашық ұлт ретінде қалыптастық. Ендеше, әрбір Қазақстан азаматы елдің тұрақтылығын сақтауға, оны нығайтуға өз үлесін қосуы қажет деп есептеймін. 

С.Оқанұлы,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Ұлт порталы