15 нау, 2021 сағат 09:16

Төлем картасын алған қазақстандықтар саны рекордтық көрсеткішке жетті

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚР-да айналымда 48 млн төлем картасы болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (32 млн) 49,7%-ға көп. Соңғы үш жылда айналымдағы карталар саны жылына орта есеппен 35,7%-ға өсуде. Тиісінше, осы карталарды ұстаушылардың да саны артуда. Мәселен, 2020 жылы көрсеткіш 31,6%-ға, яғни 39,2 млн-ға көбейген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде әрбір ересек қазақстандыққа (16 жастағы және одан жоғары) төрт төлем картасы тиесілі, бұл қашықтан банктік инфрақұрылымды тұрақты жаңғыртуға сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы көш бастап тұр. Мұнда әрбір тұрғында орта есеппен 9 карта бар. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанның әр тұрғынына 6 картадан келеді. Төлем карталары және тиісті инфрақұрылым бүкіл халықты, оның ішінде елдің шалғай өңірлеріндегі халықты цифрлық қызметтермен қамтуға мүмкіндік береді. 

Қазақстан аумағында халықаралық және жергілікті төлем карталық жүйелер жұмыс істейді. Айналымдағы карталардың негізгі үлесі — 67%-дан астамы Mastercard және VISA халықаралық төлем жүйелеріне тиесілі. Халықаралық төлем жүйелерінің өнімдері мен сервистерін пайдалану карта ұстаушыларға әлемнің кез-келген нүктесінде төлемдер жасау мүмкіндігін ұсынады. 

2020 жылы төлем карточкаларын пайдалану арқылы жалпы сомасы 35,3 трлн теңгеге 2,9 млрд қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізілді. Бір жыл ішінде қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі бірден 2,4 есеге өсті.

2020 жылы COVID-19 пандемиясы қолма-қол ақшасыз төлем форматына көшуге айтарлықтай әсер етті.

ҚР аумағында 2020 жылы қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі, атап айтқанда, қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы көлемінің 81,4%-ын онлайн-өткізді. Бүгінгі таңда елдегі 20 банкте iOS және Android жүйелерін пайдаланушылар үшін мобильді банкинг қызметі бар. Бір жыл ішінде банктердің онлайн-сервистерін пайдаланушылар саны 45,8%-ға, яғни 28,7 млн-ға дейін ұлғайды. Бір жыл бұрын 19,7 млн пайдаланушы болған.