26 жел, 2020 сағат 12:16

Төлем картасы қандай жағдайларда бұғатталады?

Төлем картасы қандай жағдайларда бұғатталады? Бұл - «Fingramota Online» қосымшасына желтоқсан айында жиі түскен сұрақтардың бірі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жақында менің банк картамды біржақты тәртіппен бұғаттап тастады. Тиісінше, мен қаражат ала алмадым. Кейін бұғаттан шығарды, бірақ менің сұрағым бар. Жалпы картаны кім бұғаттай алады, егер банк қателескен болса, банкті қалай жауапкершілікке тартуға болады?», - делінген қойылған сауалда. 

Осы сұраққа жауап берген мамандар эмитент банк қай жағдайларда төлем карточкасын бұғаттай алатынын түсіндірді.

Бұл тұрғыда бұғаттау жайлары: төлем карточкасының иесі банк менеджеріне оның жоғалғандығы, ұрланғандығы немесе рұқсатсыз пайдаланғандығы туралы хабарласа, «пластик» ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамайтын болса, сондай-ақ тараптар арасындағы шартта көзделген, яғни төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаты сақталмаса.

«Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың өкімдері негізінде шығыс операцияларын жүргізуге шектеу салынуы мүмкін. Мысалы, салық төлемеу, тергеу жұмыстарын жүргізу кезінде, алаяқтық операцияларға және басқаларына күмәнді болған кезде. Атап айтқанда, төлем карточкасы бойынша күмәнді, күдікті операциялар жасалғанда, олардың алдын алу үшін банктер олардың жеке түрлеріне жүйелік шектеулер қоюы мүмкін. Оларды белгілеу шарттары, сондай-ақ оларды алу тәртібі төлем карточкасын шығару туралы шартта көрсетілген», - делінген хабарламада. 

Мұнымен қоса, ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғалар туралы ақпараты да шектеулерге негіз бола алады.

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының нормаларында банктер мұндай фактілердің алдын алу және жолын кесу үшін операция күдікті деп танылған кезде оны орындау алдында ҚР ҚМ ҚМК-ке дереу хабарлауға міндетті екендігі айқындалған. 

Бұл ретте, егер банктің клиенттері – ұйым немесе жеке тұлға терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілсе, банктер өздерінің банктік шоттарындағы шығыс операцияларды дереу тоқтатуға міндетті. 

Тыйым салуды соттар сот актілерінің негізінде және сот орындаушылары прокурор санкциялаған сот орындаушыларының қаулылары негізінде елдің қылмыстық-процестік заңнамасында әрі Атқарушылық іс жүргізу туралы заңда көзделген тәртіппен салады.

«Егер бұғаттау негізсіз болса, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өз құқықтарыңызды қорғау туралы өтініш беруге құқығыңыз бар», - деп аталып өткен агенттік мәліметінде. 

Айта кетейік, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильді қосымшаны іске қосты. Бұл қаржы реттеушісінің халықпен және бизнеспен өзара іс-әрекетінің ыңғайлы құралы.