25 қаз, 2022 сағат 17:55

Төлеби ауданында жастарды серпілткен семинар өтті


25 қазан – Республика күніне орай Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Төлеби ауданында жастар арасында семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тренингтің негізгі мақсаты – жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар етуге бағытталған облыстық «Samgau-Up-Shift» жобасын түсіндіру, осы жоба арқылы қолдау көрсету.

Екі күнге созылған семинар - тренингтің бірінші күнінде жастар саясатының негізгі 5 бағыты бойынша сөз қозғалды. Атап айтқанда, «Жастарға арналған жобаларды жазу және басқару» тақырыбында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Маратқызы; «Жастар саясатындағы өзгерістерді талқылау» тақырыбында «Jastar qyzmetkerleri» қоғамдастығының эксперті Сымбат Абдрахманова; «Әлеуметтік кәсіпкерлік бағытын дамыту» тақырыбында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпазы, инклюзивті фитнес орталығының негізін қалаушы, ҚР Президенті жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Динара Наумова ой қозғады. «Жастардың көшбасшылық қабілетін арттыру» бойынша «Jastar qyzmetkerleri» қоғамдастығының тренері Кеңшілік Сабыржан; «Жастар ісі бойынша тиімді ақпараттандыру тәсілдерін қолдану» тақырыбында PR, коуч, медиа тренер Күламан Бейбігүл өз білгенін үйретті.

Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ерасыл Төлебаев модератор болды.

Тренинг барысында жастар еркін ой алмасты. Алғашқы күні жастарға жоба жазуға уақыт берілді. Ал екінші күні квест ойындары ұйымдастырылып, жастар эксперттермен бірге жоба жазып, сәтті қорғады. Ең таңдаулы жобалар марапатталды. Үздік танылған жобаларға қаржылай сыйлықтар берілді.

Іс-шара «Таланттардан тарту» сазды кешімен жалғасын тапты.