28 шіл, 2022 сағат 13:43

Толассыз жауыннан кейін Ақтау көшелерін су басты

Фото: lada.kz

Ақтауда толассыз жауған жаңбыр салдарынан бірнеше көше мен ауданды су басты. Қала тұрғындары қолайсыз ауа райы салдарын видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Лада" басылымына сілтеме жасап.

28 шілдеге қараған түні қалада нөсер басталды.

Толассыз жауған жауыннан қаладағы базарлардың бірін су басқан. Жаңбырдың кесірінен "Сары" базардағы сауда павильондары бойында "су арнасы" пайда болған. Су тасқыны салдарын халық өз күшімен жойып жатыр.

Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығынан 5-шағынауданда ағаш құлап, электр қуаты үзілген. 14-ықшамаудан тұрғындары жарықсыз қалдық деп шағымданып жатыр.

Қала әкімдігі коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Олар түні бойы жаңбырдың салдарын жоюға күш салып жатыр.

"Қазгидромет" РМК өкілі берген мәлімет бойынша, Ақтауда бір тәулікте бір айлық жауын-шашын түскен.

"Маңғыстау облысының батыс жартысында 28 шілдеге қараған түні 1-13 миллиметр жаңбыр жауды, бір айдағы норма - 10-13 миллиметр. Ақтауда 13 миллиметр жауын жауды, норма 10 миллиметр", - деді синоптиктер.