23 нау, 2022 сағат 15:37

Тоқаев Юрий Померанцевтің отбасына көңіл айтты


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық әртісі Юрий Померанцевтің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Президент Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Померанцевтің қайтыс болуына байланысты оның жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ерекше талантты актер, көрерменнің көзайымы болған тұлға Юрий Борисович қазақ театры мен киносының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол бізге терең мағыналы, шынайы сезімге толы ерекше туындылардың тұтас шоғырын сыйлады. Юрий Померанцевтің өмірі мен шығармашылық жолы - өнерге деген адалдық пен риясыз қызметтің, патриотизмнің, парасаттылық пен жомарттықтың үлгісі. Юрий Борисович халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген тұлға. Ол жас ұрпақтың дана тәлімгері болды", - делінген жеделхатта.

Еске салайық, бүгін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Померанцев 100 жасқа қараған шағында дүниеден озды.