Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының атқарушы орган басшыларымен, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Мемлекет басшысы өңірді өркендету, оның орталығы - Түркістан қаласын дамыту мәселесі бойынша ой қозғап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Елбасымыздың реформалары Қазақстанды даму жолына шығарды. Бірақ әлемде бәсекелестік артуда. Жаңадан сын қатерлер пайда болуда. Жалпы Дүниежүзінде дағдарыс болып, әлемнің болашағы бұлыңғыр болып бара жатыр. Сондықтан тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Халықымыздың бірлігі, ұлтаралық келісім, күшті эконмика - алға басудың негізгі кепілі»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркістан облысы дотациялық өңір деген аттан арылып, өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуі керек екенін айтты. Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамыту, ауыз су, газ және сапалы электр қуатымен, халыққа қажетті қызмет көрсету орталықтары мен банк бөлімшелерін, сауда орындарын ашу жөнінде тапсырма берді. Түркістанды ғылым мен мәдениеттің руханияттың орталығына айналдыру бойынша нақты жоспар жасау жөнінде міндет жүктеді.
«Бүгін халқымыздың рухани астанасы Түркістан - еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы, бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан тарихы - барша қазақтың тарихы» деп, бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыру және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретінде сапарымды Түркістаннан бастау мен үшін аса маңызды»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанды түлетудегі күрделі жұмысты ұйымдастырып, табысты жүзеге асырады деп сенім білдірді.