28 қаз, 2022 сағат 13:15

Тоқаев ТМД Үкімет басшыларымен кездесті


Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Әзербайжан Республикасының премьер-министрі Әли Асадов, Беларусь Республикасының премьер-министрі Роман Головченко, Тәжікстан Республикасының премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдула Арипов, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы - Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамұрат Гелдімурадов және ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы - атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Президент ТМД елдері делегацияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, экономикалық серіктестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

"Жуырда ТМД-ға мүше елдердің басшыларының Саммиті өтті. Біз өзара ынтымақтастықты арттыруға, экономиканың әлеуетін нығайтуға деген ортақ ниетімізді білдірдік", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісе түскен геосаяси қайшылықтарға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа назар аудара отырып, бірқатар тиімді шара қабылдауға шақырды.

"Бұл ретте өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның биылғы төрағалығы аясында ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін белсенді жүзеге асыру ісі жалғасты. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, экономикамыз біртіндеп қалпына келе бастады", - деді Президент.

Мемлекет басшысы кедергілерді жоюға, протекционизмге жол бермеуге, қолайлы тарифтік шарттар қалыптастыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі бар екенін жеткізді.

"Бұл мәселенің өзектілігі артып келеді. ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын "Солтүстік - Оңтүстік" бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Астанада өтіп жатқан ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы Достастыққа мүше елдердің алдында тұрған міндеттерді шешуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.