Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте субсидияға қолы жетпей жүрген қарапайым шаруалардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет.
"2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген.
Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны.
Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек" - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау және өткізудің заманауи инфрақұрылымын құру жұмысын тездету қажет екенін айтты.
"Көп жағдайда инфрақұрылымның жоқтығы делдалдардың тым көбеюіне және бағаның шарықтауына әкеп соғады. Жыл сайын 8 млн тоннадан астам көкөніс пен картап жиналса, көкөніс сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы небәрі 1,7 миллион тонна ғана. Мұның өзі тым асыра көрсетілген цифр сияқты", - деп күмәнданды Президент.
Сондай-ақ ол көкөніс қоймаларының 60%-дан астамы тоңазытқыштармен жабдықталмағанын, 30%-і жиырма жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатқанын айтты. Осының салдарынан өнімнің біразы бүлініп, жарамсыз болып қалып жатыр.
"Үкімет осы проблеманы шешумен жүйелі түрде айналысуға тиіс", - деді Тоқаев.