07 жел, 2021 сағат 17:31

Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды


Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. 

Бұған дейін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданды.

«Құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев

Заңға сәйкес 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Сотқа дейінгі тергеудегі 5 мың іс қысқарады.