Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, дипломатиялық корпуспен кездесу екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі дәстүр екенін атап өтті.
Президент Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың басшыларына елімізде түрлі салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мәселелеріне, соның ішінде өлім жазасын жоюға, конституциялық түзетулерді қабылдауға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.
– Өз саясатымызда «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген постулатты берік ұстанамыз. Сондықтан азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, түрлі қоғамдық күштерді біріктіруге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға маңызды іс-шаралар қабылданып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның демократияландыру және кешенді қоғамдық-саяси өзгерістер бағыты өзгермейтінін атап өтті.
– Жаңа модель биліктің тұрақты ротациясын және Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін одан әрі демократиялық тұрғыда дамуын қамтамасыз етеді. Бірнеше аптадан кейін өтетін кезектен тыс Президент сайлауында осы өзгерістер ескеріледі. Бұл сайлау Қазақстанда жаңа саяси дәстүрді қалыптастырады, жаңа саяси дәуірге жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыруы үшін тең жағдай мен мүмкіндік жасалатын Әділетті Қазақстанды құру. Әділеттілік идеясы бұдан былай халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел назар аударуға бағытталған Қазақстанның барлық мемлекеттік саясатының өзегі болады. Мен және менің Әкімшілігім Президент сайлауын ашық және әділ өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз.
Мемлекет басшысы Қазақстанның қабылдаған жаңа экономикалық бағыты шынайы еркін нарықтық экономика құруға бағытталғанын ерекше атап өтті.
– Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз. Біз дұрыс жолдамыз. Жетекші халықаралық қаржы агенттіктері Қазақстанның экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады және Қазақстанның егемен рейтингін «тұрақты» болжаммен растады. Біз ашық экономика қағидатына берік болып қала береміз. Әлемнің 180 елімен сауда жасаймыз. Бүкіл әлемдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, біздің шикізаттық емес өнім экспорты шамамен 40 пайызға өсті. Біз алдағы уақытта да инвестиция тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық позициямызды нығайта береміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесіне арнайы тоқталды. Сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларына назар аударып, еліміздің аграрлық, өндірістік сектор, энергетика , «жасыл» қаржы салаларындағы әлеуеті зор екенін атап өтті.
– Біз жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Әлемнің ең ірі он астық экспорттаушы елдер қатарына кіреміз. Қазақстан – зығыр тұқымын ірі өндірушілердің және майлы дақыл экспорттаушылардың бірі. Сонымен қатар бізді шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады. Бұл инфляцияның өсуіне алып келеді. Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияға сыртқы факторлар ықпал ететінін айтып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасындағы ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала өңірлердің өзара іс-әрекетін жандандыруда маңызды рөл атқарады.
– Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80 пайыздан астамы біздің еліміз арқылы өтеді. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, көлік-транзит әлеуетінің дамуы Орталық Азия елдерінің тұтас ЖІӨ-н 15 пайызға өсуіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстан қазірдің өзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызы артып келеді, - деді Мемлекет басшысы.
Президент шетелдік миссия басшыларын 70 миллиард доллар көлемінде активі бар әлемнің отыз ірі тәуелсіз қорының қатарына кіретін «Самұрық-Қазына» қорымен өзара белсенді іс-әрекет жасауға шақырды.
– Қазіргі уақытта Қор ашықтық пен тиімділікті арттыру үшін кешенді түрде трансформацияланып жатыр. Осы ретте Қордың портфельдік компанияларын жекешелендіру – негізгі бастамалардың бірі. Ұлттық мұнай компаниясы, әуекомпаниясы және теміржол компаниясы сияқты Қордың ірі активтері жақын уақытта ашық компанияларға айналады. Мұнай саласындағы жетекші «ҚазМұнайГаз» компаниясы биыл күзде Қазақстанда IPO өткізеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталды. Сондай-ақ әлемдегі бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпжақты және конструктивті сыртқы саясат ұстанатынын айтты.
– Қазақстан бейбітшілік, ынтымақтастық және сенім құндылықтарын берік ұстанады. Біз БҰҰ-ның Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген мемлекеттердің теңдігі, егемендігі және территориялық тұтастығы қағидаттарын қолдаймыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Орталық Азия аймағы барлық мүдделі мемлекеттермен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ашық әрі дайын екенін атап өтті.
– Орталық Азияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызының артуына байланысты C5+ форматы серіктестерімізбен арадағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір C5+ форматы көптеген елдермен және өңірлік одақтармен, соның ішінде АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және кейінгі уақытта Қытай, Үндістан, Ресей, Еуропалық Одақпен белсенді ынтымақтастық орнатты. Орталық Азия экономикасындағы жетекші ел ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық дамуға, сондай-ақ құрлықтар, мәдениеттер мен ұлттар арасын жақындатуға өз үлесін қоса береді. Осыған орай біз әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесімен, соның ішінде АСЕАН, Таяу Шығыс, Африка және Америкамен белсенді серіктестігімізді жалғастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент БҰҰ, АӨСШК, ТМД, ШЫҰ, ТМҰ және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастыққа мүдделі екенін растады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың негізгі қағидаттарын сақтауды қолдайтынын атап өтті.
– Ядролық қаруды қолдану туралы қауіпті мәлімдемелердің артқаны байқалады. Атом энергиясы адамзаттың орасан зор жетістігі екенін есте ұстаған жөн. Оны жойқын қару ретінде емес, халықтарымыздың тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек, – деді Президент.
Сондай-ақ дипломатия халықаралық қатынастарды басқарудың, қауіп-қатерлерді азайтудың және қауіпсіздік пен әл-ауқатты нығайтудың бірден-бір құралы болып қала беретінін айтты.
– Біз сіздердің елдеріңізбен және ұйымдарыңызбен Қазақстан арасындағы достық және өзара тиімді байланыстарын тұрақты нығайтуға ұмтылуымыз керек. Осы ретте кәсіби көмектеріңіз бен бірлескен күш-жігеріміз маңызды. Сіздердің барлық конструктивті бастамаларыңызға менің Әкімшілігім мен Қазақстан Үкіметі тарапынан лайықты жауап беріліп, қолдау көрсетілетініне сенімді болыңыздар. Сіздер өкілдік ететін мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларымен арадағы конструктивті диалог пен серіктестікті жалғастыруға ниеттімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында дипломатиялық корпустың дуайені – Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мунтасер Әбу Зейд сөз сөйледі.