04 сәу, 2025 сағат 15:27

Тоқаев: Орталық Азия климат өзгерісіне ең осал өңірлердің бірі

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің климаттық сын-қатерлерге ұшырау қаупі жоғары екенін айтып, бұл бағытта өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық серіктестікті күшейту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, Орталық Азия – климаттың өзгеруіне ең осал аймақтардың бірі. Бұл өңірде жаһандық жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатыр. Соның салдарынан мұздықтар еріп, шөлейттену үдеп, су тапшылығы күрделі мәселеге айналуда.

«Осындай жағдайда аймақ елдерінің күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыру аса маңызды. Бұл ретте климатқа қарсы күрес елдердің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Экономикалық өсім мен климаттық саясат арасындағы тепе-теңдікті сақтауымыз керек», – деді Қ. Тоқаев.


Мемлекет басшысы Қазақстанда жаппай ағаш егу тапсырмасын бергенін, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында орманды қорғау, экологиялық білімді арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, Өзбекстанмен бірге Арал теңізінің құрғаған табанына жасыл желек егу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тоқаев Қазақстанның климат саласындағы бастамалары туралы айта келіп, елдің «жасыл» экономикаға өтуді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Бұл тұрғыда жаңартылатын энергия көздерін дамыту, әсіресе жасыл сутегі өндіру жобалары негізгі бағыт ретінде көрсетілді.

«Уран өндірісінің 40 пайызы Қазақстанға тиесілі. Әлемдік электр энергиясының 10 пайызы атом электр станцияларында өндіріледі. Осыны ескере отырып, біз алғашқы атом электр стансасын салуды жоспарлап отырмыз», – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кең даласы «көміртекті егіншілік» пен экожүйені қалпына келтіру үшін зор мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен бірге сирек кездесетін элементтердің қоры – экологиялық таза технологияларды дамытуға негіз бола алады.

Су тапшылығы да басты назарда. Президенттің сөзінше, соңғы 20 жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға қысқарған. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы трансшекаралық сипатқа ие.

«Сондықтан бізге су үнемдеу технологияларын, смарт суару жүйелерін, гидрологиялық мониторингті дамыту үшін халықаралық қолдау қажет. Сонымен қатар, Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз», – деді Мемлекет басшысы.


Бұдан бөлек, Президент биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын атап өтіп, Қазақстанда Президент жанындағы халықаралық биоалуантүрлілікті қорғау қорын құру туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Тоқаев жаһандық «жасыл» даму бағыты – өркендеудің негізі екенін атап өтіп, бұл саладағы қаржыландырудың жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.

«Бірде-бір ел мұндай күрделі сынақты жалғыз еңсере алмайды. Сондықтан күш-жігерімізді біріктіріп, серіктестікті кеңейтуіміз керек», – деді ол.


Айта кетейік, конференцияда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропалық кеңес пен комиссия басшылары және БҰҰ өкілдері де сөз сөйледі.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде қандай мәселелерді көтерді?