30 қыр, 2022 сағат 17:40

Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге барды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге барды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Абай облысына жұмыс сапары барысында М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің жұмысымен танысты. Президент оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне, білім ордасынан білім алған ұлы тұлғалардың өміріне арналған көрмені аралап, оқытушылар ұжымымен және студенттермен пікірлесті.


Еркін әңгімелесу форматында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мамандарға ризашылығын білдірді.

– Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріп жатырсыздар. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент елімізде жастарға жағдай жасау үшін біраз реформа жүзеге асырылып жатқанын айтты.