Премьер-министр Асқар Мамин Глазгоға баратын қазақстандық делегацияны басқарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге тапсырма берген.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминге COP26 климаттың өзгеруі жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі Конвенциясына қол қойған елдер конференциясының 26-сессиясына қатысатын Қазақстан делегациясын басқарып баруды тапсырды. Жиын Шотландияның Глазго қаласында өтеді", - деп жазды Берік Уәли.
Климаттың өзгеруіне байланысты БҰҰ конференциясының 26-сессиясын Ұлыбритания мен Италия 2021 жылдың 31 қазан – 12 қараша аралығында Глазгодағы Шотландия конгресс-орталығында ұйымдастырады.
Іс-шараға 200-ге жуық елден делегат келуі мүмкін. Олар климаттың одан әрі өзгеруі мен климат әсерін азайту жөніндегі шараларды талқылайды.
Іс-шара бастапқыда 2020 жылдың қарашасында өткізілуі керек еді, алайда коронавирусқа байланысты кейінге қалдырылды.