Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көзқарасы мен наным-сенімі әртүрлі қазақстандықтарды бір-бірін түсінуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент заң азаматтардың өзекті проблемаларын шешу үшін жетілдіріліп отыруға тиіс екенін атап өтті.
"Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады. Біз көзқарасымыз мен наным-сеніміміз әртүрлі болғанына қарамастан, бір-бірімізді қабылдап, түсінуіміз керек. Түйісу нүктелерін іздеп, бізді біріктіретін дүниелерді нығайтуымыз қажет. "Әртүрлі көзқарас, бірақ бір ұлт" қағидаты ешқашан өзгермейді", - деді Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.
Президент патриотизмнің жоғары құндылықтарын, достық пен бірлікті сақтауға, дұшпандық пен арсыздыққа жол бермеуге шақырды.
"Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз!", - деді ол.
Тоқаев Қазақстан әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет болатынына сенетінін жеткізді.