14 шіл, 2022 сағат 13:16

Тоқаев: Ірі компаниялар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады


Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ отандық компанияларымыз белсене қатыспайды" - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек.

"Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды-Балқаш автожолын (363 шақырым) жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны – 248 миллиард теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал, бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге ысыра салған. Тіпті, 22 пайыз көлеміндегі үстеме ақысын да ұстап қалған" - деді Тоқаев.