Мемлекет басшысы John Deer маркалы ауыл шаруашылығы техникаларының барлық түріне қызмет көрсететін ТМД-дағы ең ірі сервис орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордағасілтеме жасап.
Президент оқу бөлмелері мен агрегаттық шеберханасы бар ауыл шаруашылығы техникаларын күрделі жөндеуден өткізетін орталықты, цифрландыру және автоматтандыру үдерістері, заманауи технологиялар, ирригация және көкөніс шаруашылығы жөніндегі оқу орталығын, өнім сақтайтын қоймаларды, сондай-ақ, көрме алаңдарын аралап көрді.
Жаңа аутлет қазіргі заманның талаптары мен үрдістеріне жауап береді. Қазақстан бойынша қосалқы бөлшектердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар техникаларды күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының еліміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, алдымызда еңбек өнімділігін арттыру міндеті тұр. Бірақ заманауи технологияларды енгізбей және менеджментті жақсартпай оған қол жеткізу мүмкін емес.
Мемлекет басшысы фермерлер мен заманауи технологияларды меңгерген жас мамандарды оқыту жөніндегі жүйелі жұмыстарды жолға қоюдың маңызды екенін айтты. Бұл, өз кезегінде, аграрлық саладағы білікті кадрлардың тапшылығына қатысты мәселені шешуге септігін тигізеді.