
Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.
«Індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болады. Мұны шетелдің тәжірибесінен көріп отырмыз. Ал біздің елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бұл, халықтың денсаулығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін аса қажет екендігін баса айтты.
«Карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады. Себебі олар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Салғырттыққа, бейқамдыққа жол бермеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
