10 қыр, 2021 сағат 13:30

Тоқаев Экология министрін тағайындады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министрін тағайындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жассап.


"Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып Брекешев Серікқали Аманғалиұлы тағайындалсын", - делінген бұйырық мәтінінде. 


Бұған дейін Мәжіліс Брекешевтің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ретіндегі кандидатурасын мақұлдады. Серікқали Брекешев депутаттарға Қазақстанның су саласын реформалау, суды үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу жоспары туралы айтып берді. Сонымен қатар министрліктің геологиялық барлау саласының да ұсыныстары таныстырылды.


Айта кетейік, ведомствоның бұрынғы басшысы Мағзұм Мырзағалиев энергетика министрі болып тағайындалған еді.


Жаңа министрдің өмірбаяны 


Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген.


1995 жылы Атырау политехникалық институтын "мұнай және газ кен орындарын игеру" мамандығы бойынша тәмамдаған.


1995-1997 жылдары "Қазақстан-Ресей сауда үйі" БК бас директорының орынбасары, экономист болып жұмыс істеген.


1997 жылы Ақтау қаласы бойынша Салық бөлімінің жедел бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.


1997-1998 жылдары "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ "Мұнайгермес" материалдық-техникалық қамтамасыз ету және өнімді өткізу басқармасы филиалының құбырлар және металл бұйымдары бөлімінің 8-ші разрядты инженері, көлік, арнайы техника мен қосалқы бөлшектер бөлімінің инженері.


1998-2006 жылдары - "Қарақұдықмұнай" ЖАҚ пайдалану жөніндегі инженері, кен орнында мұнай өндіру шебері, кәсіпшілік менеджері.


2007-2014 жылдары энергетика және минералды ресурстар, мұнай және газ министрліктерінде басшылық лауазымдарды атқарды.


2015 жылдан бастап "ҚазТрансГаз" АҚ құрылымында жұмыс істеді - Техникалық саясат департаментінің директоры, ГТЖ басқару жөніндегі басқарушы директор, техникалық саясат жөніндегі басқарушы директор, өндірістік-техникалық департаменттің директоры, бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.