Фото: Akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
"Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны тартысты өткен сайыста әлем чемпоны атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ, гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін", - деді Президент.