Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Әбіш Кекілбайұлының аты беріліп, жаңа ғимаратқа көшкен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ әкімдігіне музей құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойы шеңберінде пайдалануға берілді.
Жалпы, бұл кешен «Әбіш Кекілбайұлы мәдени орталығы» деп аталады. Онда Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінен бөлек, кітапхана мен облыстық музыкалық-драма театрдың ғимараты да салынады. Кешеннің құрылысы биылғы қаңтар айында басталған. Толық аяқталуы 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Оның жалпы аумағы 10,6 гектар жерді құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық музейдің жаңа ғимаратын аралап көрді. Естелік кітапқа тілегін жазып, қолтаңба қалдырды.