ҚР Ішкі істер министрлігі «ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге» қандай өзгерістер енгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1 сәуірде Мемлекет басшысы «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Сұрау салулардың орындалу нысаны мен мерзімдерін белгілеу бөлігінде өзгеріс енгізілді. Енді шарттың әрбір елі нақты уақыт режимінде Ақпараттық базалардан мәліметтер алмасуды жүргізуге және құзыретті органдардың сұрау салуы бойынша автокөлік ұрлауға қарсы күресте қызығушылық тудыратын ақпаратты жедел ұсынуға құқылы», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде.
Сондай-ақ, сұрау салуды орындау мерзімі оны алған күннен бастап, бір айдан аспайтын уақытқа белгіленді. Қажет болған жағдайда бұл мерзім қысқартылуы мүмкін.
Сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту үшін негіздер айқындалды. Сұрау салу бойынша бас тарту егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін болса, заңдарға немесе халықаралық шарттарға қайшы келсе немесе сұрау салу оларға байланысты емес мән-жайлар бойынша объективті түрде орындалмайтын жағдайларда қаралған.
«Автокөлік құралын қайтару туралы сұрау салуды орындаудан бас тарту негіздемелері тізбесі қысқартылды. Бұрын мұндай негіздер төртеу болса, енді екеуі қалды, атап айтқанда, сұрау салынатын тараптың сот шешімі бойынша автокөлік құралы басқа адамға немесе оның өкіліне берілсе немесе автокөлік құралын қайтаруға кедергі келтіретін өзге де заңды негіздер болса ғана қаралады», - деді Нұрділдә Ораз.
Оның айтуынша, өзгерістер қосымша ақпараттық базалардан ақпарат қалыптастыруға және алмасуға да септігін тигізеді. Одан бөлек, талап етілмеген автокөлікті табылған аумақтағы тараптың кірісіне айналдыру мүмкіндігіне 1 жыл мерзім белгіленді.
«Хаттамада енгізілген өзгерістер ТМД елдерінде ұрланған автокөліктерді қайтару мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді», - дейді министрлік өкілі.