07 қыр, 2022 сағат 16:44

"Тірідей өртеніп кетті". Аманқарағай тұрғыны қойларды қалай құтқарғанын айтып берді

Фото: ©Tengrinews.kz

Аманқарағай тұрғындары ауылға оралып жатыр. Жұрт үйінділерден өрттен аман қалған заттарды табамыз деп үміттенеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Аманқарағайлық Рахметовтер отбасы жақын маңдағы қаңырап бос тұрған үйде тұрады, оның иесі өрттен зардап шеккендердің жағдайын түсініп, оларға уақытша тұруға үйін берген. Бір қызығы, тозығы жеткен үй өрттен аман қалған. Екі үйдің арасы бір-екі метр ғана. Бисембай Рахметов теміржолда жұмыс істейді, оған жаңа форма берілген, ескісі үйімен қоса өртеніп кеткен. Ер адам басынан өткерген жайтты есіне алып, бәрі сатып алынатынын, бірақ жануарларға обал болғанын айтады.

"Жүз тауық тірідей өртеніп кетті, тек әтеш аман қалды. Айдары ғана күйіп қалды. Қойларды аман алып қалдым. Сол кезде бәрі жанып жатқанда, олардың арасында кәрі қой бар еді, мен оны "Маймыл" деп атаймын. Шақырған едім ол артымнан ерді, оның артынан бәрі ақбөкендер сияқты секіріп шықты. Сосын оларға "осында тұрыңдар" дедім, мен гипноздап қойғандай ауладан велосипедімді алғанша қозғалмай тұрды. Сосын ұлым келіп айдап әкетті", - дейді Бисембай Рахметов көзіне жас алып.

Отбасы Аманқарағай ауылының шетінде тұрады, айналасы қарағайлы орман болатын. Рахметовтер туыстары мен балалары осы жерге мерекелерде жиі жиналатынын айтты. Қазір айнала күйіп, ағаштың діңдері мен өртенген егістік жер ғана қалған. Қазір айналада табиғат та, үй де жоқ. Тіпті киім-кешек үшін гуманитарлық көмек қабылдау орталығына баруға тура келді.

Сурет: ©Tengrinews.kz