Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты дәрігерлері күйеуі үстіне бензин құйып өртеп жіберген әйелдің жағдайы қалай екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Науқастың реанимация бөлімшесінде жатқанына 9 күн болды. Жағдайы өте ауыр, күйген кезде алған қорқыныштан арылды. Гемодинамикасы тұрақсыз. Өмірлік маңызды органдардың қызметі дәрі-дәрмектің күшімен жұмыс істеп тұр. Болжам күмәнді, жағдайы жақсарып келе жатқан жоқ. Тірі қалу мүмкіндігі жайында айтуға әлі ерте», - дейді анестезиология, реанимация және қарқынды терепия бөлімшесінің дәрігер-реаниматологы Ербол Төлгенұлы.
Оның атап өтуінше, науқас зонд арқылы тамақтанады, өкпесі жасанды жолмен тыныс алуда.
«Қазір біз оған ешкімді кіргізбей отырмыз, қайтадан инфекция жұға ма деп қорқамыз. Ол оқшауланған. Туған-туыстары келіп жағдайын біліп тұрады. Біз түсіндіріп айтамыз. Ол ес-түссіз жатыр, өмірі жасанды жолмен аппарат арқылы қамтамасыз етілуде», - деді ол.
Бұған дейін елордалық азаматтың отбасылық жанжалдан соң әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жібергенін хабарлаған едік.