«Атамекен» ҰҚП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов бастаған делегация Қызылорда облысына жұмыс сапармен келді.
«Prima Park» бизнес-орталығында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қызылорда облысының әкімі және жергілікті бизнес-қауымдастығының қатысуымен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев аймақта жүргізіліп жатқан шағын және орта бизнесті дамыту бойынша ауқымды жұмысты атап өтті.
«Сыр өңірінде облыс әкімдігі және әкімі тарапынан атқарылған үлкен жұмысты атап өткім келеді. Бүгін Елбасы да «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының бірқатар сала бойынша, оның ішінде, жер мәселелерін электрондық форматқа көшіріп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету және кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын ашу және т.б. маңызды істерде жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Бүкіл республика бойынша еңгізуге тұрарлық озық тәжірибелеріңіз үшін Өзіңізге және командаңызға алғысымды білдіремін», - деді Тимур Құлыбаев.
Өз кезегінде, облыс әкімі аймақта жаппай кәсіпкердікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, кәсіпкерлер Палатасының басшылығына жергілікті билік бастамаларын қолдау үшін ризашылығын білдірді.
«Біз 2018 жылды Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялап, тиісті Жол картасы әзірледік және барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд. теңге жинақтап, оның 3 млрд. теңгеге жуығын стартап-жобаларына қарастырдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы бөлінуін күтпей-ақ, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөліп, Өңірлік инвестициялық орталыққа орналастырдық, өйткені онда екінші деңгейлі банктарға қарағанда пайыздық мөлшерлеме қолжетімді, кепіл мүлік және несие беру саясаты ыңғайлы әрі ақша қайтарымдылығы жоғары. Одан бөлек, микробизнеске қайтарымсыз грант беру мақсатында 200 млн.теңге бөлінеді. Қазірдің өзінде 800 жуық өтінім түсіп, комиссия қарауында. Комиссияның құрамында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының 4 өкілі бар, сондықтан шешім әділетті қабылданатын болады деп ойлаймын», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, кеңес отырысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен өңірлік кәсіпкердер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов баяндама жасады және бизнесті қолдаудың өзекті мәселелері мен дамыту перспективалары талқыланды.
«Атамекен» ҰҚП басшысы жергілікті инвестордың қаражаты есебінен салынған «Prima Park» бизнес-орталығының жұмысымен танысты. 8 қабатты бизнес-орталықтың ғимаратында 32 бөлмелі қонақ үй және арендалық бөлмелер орналасқан. Ғимарат ішінде коворкинг орталығы мен «open-space» түріндегі 80 және 30 орындық екі конференц-зал қарастырылған. Кешен жылдамдығы жоғары интернет пен ағылшын және қытай тілдеріне ілеспе аударма жүйесімен қамтылған.
Сапар барысында делегация мүшелері Қызылорда қаласының сол жағалауында салынып жатқан «Smart City Qyzylorda» нысандарымен танысты. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты архивтегі сызбалар бойынша қайта салынған Рухани жаңғыру орталығы салынды. Қазіргі таңда мұнда 18 көпқабатты тұрғын үй салынып, қала күніне орай пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мұнда 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар ресурстық орталығы, емхана, Неке қию сарайы мен өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысы салынуда.
Айта кетейік, 2018 ж. 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыста 50 738 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде жұмыс істейтін 38758, яғни өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіш. Оның ішінде 4993– заңды тұлғалар, 28551 жеке кәсіпкер және 5214 – шаруа қожалықтары. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыспен қамтылғандар саны 2018 ж. 1 қаңтарында 84 520 адамды құрады. 2017 жылы шағын және орта бизнес субъектілері жалпы құны 302,186 млрд.теңгеге қнім өндірді. 2018 ж. қаңтар-сәуір айларында аймақта 2476 ЖК, 78 шаруа қожалық пен 240 ЖШС құрылды.
Сондай-ақ, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 1600 адамды оқыту жоспарланса, сәуір айында алғашқы 327 адам оқуын бастады. 800 жуық адам «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша оқу курсында білім алатын болады, бүгінгі күні 333 адам оқуға кірісті.