Экономист Тимур Әбілқасымов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қаржы реттеушісінің сайтына сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, ол қаржылық тұрақтылыққа, экономикалық-математикалық модельдеуге, банк секторын стресс-тестілеуге қатысты мәселелерге қатысатын болады.
"Тимур Әбілқасымов тағайындалғанға дейін "Radius Advisory Lab" ЖШӘ консалтингтік компаниясының әріптесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді. Квазимемлекеттік сектор компанияларында және ЕДБ-да жұмыс істеді, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі", - делінген хабарламада.
Тимур Әбілқасымов Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын "бизнес экономикасы" және "мемлекеттік саясат экономикасы" мамандықтары бойынша 2011 жылы аяқтады, Лондон бизнес және қаржы мектебінде "тәуекел-менеджмент" мамандығы бойынша МВА дәрежесін алды. Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығынан FRM (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері болып табылады. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар.
Басқа да лауазымдары: бұрын Әбілқасымов "Қазтеміртранс" АҚ және "Kazakhstan Energy Reinsurance Company" Директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарды, сондай-ақ М. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді. Тәуекелдерді басқару, модельдеу және қаржы секторы мәселелеріне арналған "Risk Takers" телеграм-арнасының авторы болды.
32636 рет оқылды