Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйрету үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу қажеттігі баса көрсетілген болатын. «Тіл әлемі» порталының «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық сайтының іске қосылуы интернет кеңістігіндегі тілдік контенттің көбеюіне, мемлекеттік тілді қашықтан үйренушілер қатарының өсуіне мүмкіндік жасайды.
«Тіл әлемі» порталы тілдің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін мейлінше толық қамтиды. Порталдың мазмұны қоғамдағы тілдік сұраныстарға орай 1)Тұғыр; 2)Ақпарат; 3)Әдіс; 4)Тіл райы; 5)Тарту; 6)Толғаныс; 7) Орта тақырыбындағы 7 блокқа топтастырылды.
«Тұғыр» блогы «Басқы бет» қызметін атқарады. Мұнда порталдың құрылым атаулары, басқа сайттарға сілтемелер орналастырылған. Тіл жаңалықтары, Министрлік, Комитет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде хабарлар «Ақпарат» блогында берілсе, «Әдіс» блогында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуға арналған әдістемелік еңбектер орналастырылды. Блоктың «Ғалымнан кеңес», «Әдіскерге көмек» модульдері арқылы әрбір қолданушы жалпы тілге және тіл үйренуге қатысты кәсіби, ғылыми, әдістемелік көмек алады.
«Тарту» блогынан Комитеттің тапсырысы бойынша шығарылып жатқан баспа өнімдерінің және «Тіл және қоғам», «Туған тіл» альманахтарының, «Балапан әлемі» журналының, «Ономастикалық хабаршы», «Терминологиялық хабаршы» бюллетендерінің электронды нұсқаларын да оқуға болады.
«Тіл райы» блогы мемлекеттік тілде жарнама мәтіндеріндегі қателерге, теле және радио тілшілерінің сөз қолданысындағы олқылықтарға назар аударып, оларды түзетуге, тілдік нормаларды сақтауға бағытталған.
Ал «Толғаныс» блогында мемлекеттік тіл тақырыбындағы ғылыми, ғылыми-көпшілік, публицистикалық мақалалар, порталды қолданушылар тарапынан ұсынылатын ой-пікірлер, ұсыныстар орын алса, «Орта» блогында портал туралы ақпарат, байланыс, мекенжай картасы, негізгі блоктарда көрсетілген жобаларға тікелей кіруге мүмкіндік алу үшін тақырыптық анимациялық қиындылар орналастырылған.
«Termincom.kz» электрондық сайты «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады. «Бекітілген терминдер» блогында Республикалық терминологиялық комиссиясында мақұлданған терминдер орналастырылса, «Терминдер хронологиясында» терминдердің бекітілу мерзімдері және олардың сөздік ретінде жарық көруінен мәліметтер беріледі. «Қолданыстағы салалық терминдер» блогында Республикалық терминология комиссиясының мақұлдауымен жарық көрген терминологиялық сөздіктер салынды. «Ойталқы» айдарында бекітуге ұсынылатын терминдерге қатысты әрбір оқырман өз ой-пікірін қалдыра алады. «Ғылыми-әдістемелік негіздер» блогында терминжасам мәселелеріне қатысты еңбектер ұсынылып отыр.
«Atau.kz» ономастикалық электрондық сайты «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-тәжірибелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады. «Құқықтық-нормативтік базада» салаға қатысты құқықтық негіздегі құжаттар топтастырылған. «Ғылыми-тәжірибелік негіздері» блогында ономастикалық атаулардың тарихы, этимологиясы, жасалу ерекшеліктері туралы танымдық сипаттағы ғылыми және ғылыми-көпшілік, анықтамалық әдебиеттер мен мақалалар ұсынылады. «Іздеу» блогы арқылы аталған қорды пайдаланушы өзіне қажетті ономастикалық ақпаратты теріп, сұранысын қанағаттандырады.
«Emle.kz» сайты қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында ғалымдардың осы сала негізінде жазылған ғылыми мақалалары беріледі. Әрбір мақаладан кейін пікір қалдыратын орын болады. Сол арқылы оқырман автордың өзіне, мақаласына қатысты сұрақтар қойып, жауап алады. Оқырман онлайн режимінде орфографияға қатысты туындаған сұрақтарын қоя алады. Әрбір қойылған сұраққа білікті мамандардың көмегімен толыққанды жауап беріледі.
Бұл жобалардың іске қосылуы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл үйретудің тиімді әдістерін таратуға қолайлы жағдай жасайды. Портал мен сайтты тұтынушы тіл білімінің кез келген саласы бойынша туындаған сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие болады. Тіл мәселесіне қатысты ғылыми еңбектер мен мақалалардың, сирек кездесетін көркем және әдістемелік әдебиеттердің қол жетімділігі, кей тартысты сауалдарға мамандар тарапынан берілген толыққанды жауап азаматтардың тіл мәдениетін көтеріп, тілдік сауаттылығын арттырары сөзсіз.