24 қаз, 2019 сағат 11:03

«Тіл – ұлттық қазына»

Алматы қаласы Алатау аудандық сотында «Тіл – ұлттық қазына» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараға Алатау аудандық сотының судьясы  Н.Е. Қарабаев төрағалық етті. Аталған шараға сондай-ақ «Ел бірлігі» қоғамдық қорының президенті Ш.Б.Ризабекова және мемлекеттік емес ұйым мүшелері мен Алатау аудандық әкімдігінің мәдениет бөлімінің қызметкерлері және Алатау аудандық сотының қызметкерлері қатысты.

Алатау аудандық сотының судьясы Нұржан Ерубайұлы – «Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданысын дамыту біздің басты міндетіміз. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі. Демек, тілдің мәртебесі Қазақ тілінің абыройын асқақтату сіз бен бізден басталады. Талай жылғы тәжірбиемде аудан мен облыста  қызмет еттім, Қазақ тіліндегі көп жүргізілген істер санатын дәл осы Алатау аудандық сотына келгелі сезініп жүрмін. Қазақтың ақылы - көзінде, қасиеті сөзінде деген ұлылардың сөзі бар. «Тіл – тіршіліктің бастауы» деп те бекер айтылмаған. Мемлекеттік қызметте, яғни біз жұмыс жасап жүрген сот жүйесінде мемлекеттік тіл – Қазақ тілінің қолданысын кеңейтіп, басымдық беру басты  борышымыз»: -деді өз сөзінде.

Тіл мәселесін қозғап, салиқалы әңгіме өрбіткен Нұржан Ерубайұлына ризашылығын білдірген «Ел бірлігі» қоғамдық қорының президенті Шолпан Бостанқызы - «Біз, Қазақ халқы, сынақты да сындарлы тағдырды бастан кешірдік. Сол жылдарда тілімізге деген құрметті азайтып алдық, Тәуелсіздігімізді алып, қайта оралған дініміз бен тіліміздің жағдайы бүгін де қайта асқақтап келеді. Елбасымыз алға қойған әрбір бағдарламар мен жоспарларында міндетті түрде Қазақ тілінің мәртебесін көтеруді тілге тиек етеді. «Рухани жаңғыру» рухымызды жаңарту емес, өткеніміз бен бүгінімізді  бүтіндеу, тіліміз бен тірлігімізді тоғыстыру. Аудандық соттар арасына осы Алатау аудандық сотында Қазақ тілінің, қазақилықтың иісі аңқып тұратынын ерекші атап айтқым келеді»: - деп қорытындылады өз ойын.

Шараға қатысушылар Алатау аудандық сотында түрлі семинарлар мен тренингтер, брифингтер мен дөңгелек үстелдер жиі  Қазақ тілінде ұйымдастырылып, шақыртулар алып қатысып, өз ойларын ортаға салып, соттың ашықтығы мен жариялылығы үшін барын салып жүретін барша сот ұжымына алғыстарын білдірді.