Тіл − ұлттың мақтанышы. Тіл − әр ұлттың ең асыл қазынасы. Жақындап қалған "Тіл мерекесіне"орай назарларыңызға тіл туралы өлеңдер жинағын ұсынамыз.
«Тіл»
Авторы: С.Иманасов
Мін тағып ес білгелі "достың" көбі,
Барымды басқаша етіп кескіндеді.
Бермесем өзім жайлы өзім айтып,
Білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені.
Жатпай ма ел: "түсі игіден түңілме", - деп
Бір жанмын білім де көп, мінім де көп,
Кетер ем баяғыда бақытты боп,
Келеді жібермей-ақ тілім бөгеп.
Туғалы тура сөзден іркілмеген
Дерт болып жабысқалы бұл тіл деген.
Жамандап мені біреу оңған емес,
Ешкімнен болған емес күлкім де кем.
Болған да жеріміз жоқ елден ығыр,
Өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр,
Қызыл тіл ақиқаттың ақ жолынан
Ауытқып,ала қашып көрмеді бір.
Бәрі де еркінде ғой бір алланың,
Мен оны басқа жаққа бұра алмадым.
Сұм десе, сұмырай десе иек қышып,
Тұрады көре сала ұрандағым.
Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық,
Жарасып жақсы жердің қызын алдық.
Ермедім ырқына да майда тілдің,
Көрмедім "ой, кәпірдің" ізін аңдып.
Сөзіме құлақ түріп жүрген бала,
Сен неге жалт қарадың күлмең қаға.
Ол рас, сорымды да, бағымды да
Тапсам мен - тауып жүрмін тілден ғана!
«Қазақ тілі»
Авторы: М.Жұмабаев
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр - бүгін қорқак, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың кос қанаты кьірқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нүрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсын сен, тілім!
«Қазақ тілі»
Авторы: С. Торайғыров
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
«Ана» деген сүйгендік сөз әм менен
Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.
«Ана тілі»
Авторы: Мұзафар Әлімбай
Ана! - десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.
Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден -қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!
Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім:
Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.
Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.