Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» этнос жастары арасындағы қазақ тілі білгірлерінің "Тіл парасат" республикалық байқауын өткізді.
Байқау мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, этнос өкілдерін ынталандыру, талантты жастарды анықтау және қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Ауқымды шараға 17-22 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жүлдегерлері қатысты. Олар байқау ережесіне сай бірінші кезеңде ұсынылған тақырып бойынша ауызша таныстырылым жасады. Екінші айналымда қазақша эссе жазды. Үшінші кезең диалог құруға негізделсе, соңғы сайыста "шабытты жұлдыз" тақырыбы аясында шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті.
Қатысушылардың білімі мен білігін, өнері мен өресін белгілі филолог ғалымдардан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Ш. Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Оразкүл Асанғазы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, Қазақ ұлттық салт-дәстүрлері академиясының профессоры, композитор Кентау Қуантайұлы және қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының вице-президенті Ғани Бейсембаев бар.
– Еліміз тәуелсіз ел атанғанына жиырма алты жылдың жүзі болды. Осы жылдар аралығында Қазақстан өтпелі кезеңді басынан өткергені барлығымызға белгілі. Тәуелсіздік жылдарында ең көп айтылған һәм жазылған тақырыптың бірі – мемлекеттік тілдің ахуалы. Десе де Кеңес Одағы тұсындағы жағдайға қарағанда шүкіршілік айтарлықтай. Бұл тарапта бірқатар шаруа атқарылып, нақты бастамалар қолға алынды. Істелген жұмыстар да жетерлік. Мемлекеттік тіліміздің мәртебелі тұғырына толық қонуы үшін біздің орталық та аянып қалмай, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл іс-шара да соның бір парасы, – деді О. Асанғазы.
Арнайы құрылған комиссия шешімімен бас жүлде Атырау облысы №16 Қаражігітов атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Ангелина Кимге бұйырды. Жүлделі І орынды Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Үстірт орта мектебінің мұғалімі Ирина Сильченко иеленді. Ал ІІ орынды Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық универститетінің 2-курс студенті Елена Полфунтикова еншілесе, үздіктер қатарын Карина Столярова (Жамбыл облысы Талас ауданы 11-сынып оқушысы) мен Лайла Ордабекова (Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің 2-курс студенті) толықтырды.
Байқау барысында белсенділігімен көзге түскен Қарағанды облысы технология колледжінің 4-курс студенті Руслан Панишев пен Шығыс Қазақстан облысының Серікбаев атындағы ШҚМТУ 2-курс студенті Анна Раздомина алғысхатпен марапатталып, ынталандыру сыйлығын иемденді.
Барлық байқау қатысушыларына алғысхат табысталса, жүлдегерлер арнайы диплом мен қомақты қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.