Қызылордадағы тікұшақ апатында қаза тапқан кіші сержант Асхат Абдулманаттың отбасы Талдықорғанда пәтер жалдап тұрып жатқан. Марқұм сапарға аттанарда Каспий теңізі жағасында суретке түсіп, достарына жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Асхат Абдулманат 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ақтоғай елді-мекенінде туған.
Марқұмның артында анасы, жары және төрт баласы қалды. 2010 жылы Талдықорған қаласынан әскерге шақырылып, одан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырған. Қаңтар айынан бастап Ақтау қаласындағы 30153 әскери бөліміне ауысқан. Қала басшылары мен аға буын өкілдері марқұмның отбасына барып, көңіл айтып шықты. Талдықорған әкімі Дастан Шалтабаев марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне көмектесіп, материалдық жағынан да қолдау көрсетілетінін айтты.
Ал Асхаттың туыстары жесір қалған келіншек пен 4 баланың баспана мәселесін шешіп берсе деген тілегі бар.
«Бала-шағасы далада қалды. Баласының ең үлкені - 13 жаста, кішісі 3 жаста ғана. Олар қазір ешқайсысы да ұғып та жатқан жоқ. Кейін өскеннен кейін сұрайтын шығар әкем қайда деп...», дейді сарбаздың ағасы Кәкен Баймурзин.
Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.
Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.