28 нау, 2019 сағат 17:34

Тікұшақ апаты: Қаза болған Данияр Қоңырбайдың артында 3 баласы қалды

Қызылордадағы ұшақ апаты кезінде ақтөбелік Данияр Қоңырбаев көз жұмды. Жергілікті әкімдік марқұмның отбасына көмек көрсетуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында болған тікұшақ апаты кезінде ақтөбелік Данияр Қоңырбай қаза болды. 33 жастағы майордың артында үш баласы қалды.

«Данияр Қоңырбайдың үш баласы бар, ең кішкентайы 3 айлық. Ата-анасы Мұғалжар ауданының Қаракөл ауылында тұрады. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен Данияр Қоңырбайдың отбасына көмек көрсетіледі», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін Т.Бигельдинов атындағы әуе қорғаныс күштері институты арнайы митинг өткізді. Себебі, қаза болған әскери қызметкерлер Ақтөбедегі жоғары оқу орнының түлектері.

«Қорғаныс министрлігі қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтады. Арнайы митинг өтіп, бір минут үнсіздік жарияланды», - деді Т.Бигельдинов атындағы әскери әуе күштері институтының басшысы Әли Ыбыраев. 

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.