03 қыр, 2024 сағат 14:21

Терроризммен күрес және діни экстремизмнің алдын алуға қандай баға береміз?


Фото:egemen.kz алынды
Қазақстанда соңғы бес жылда терроризмге қарсы күрес бойынша мемлекет көптеген шараларды жүзеге асырды, бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін экстремистік және террористік әрекеттерді азайтуға ықпал етті. 2016 жылы елде “Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы” заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, құқық қорғау органдарының экстремистік әрекеттерге қатысты өкілеттіктері күшейтілді. Сонымен қатар, діни бірлестіктер мен ұйымдардың қызметі қатаң қадағаланып, заңсыз миссионерлік қызметке тыйым салу шаралары қабылданды.

Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында үкімет азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Арнайы бағдармалар арқылы халыққа дәстүрлі діндер мен радикализмнің айырмашылығы түсіндіріліп, әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Білім беру мекемелерінде және медиа кеңістікте діни сауаттылықты арттыру жұмыстары қолға алынған.

Елімізде экстремизмге қатысы бар азаматтарды радикализациядан шығару үшін арнайы мемлекеттік оңалту орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар діни экстремизмнен зардап шеккен азаматтарға, соның ішінде шетелден қайтарылғандарға, психологиялық, діни және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Мұндай орталықтар экстремизмнің радикал идеологияларын теріске шығаратын діни қызметкерлермен, теологтармен және психологтармен тығыз жұмыс істейді. Олардың жұмысы діни сауаттылықты арттыруға және деструктивті идеологиялардың қателіктерін түсіндіруге бағытталған.

Солардың бірі «Ақниет» оңалту орталығы. Бұл қоғамдық қоры экстремизм мен терроризмге қатысы бар азаматтарды оңалту және радикалдан бас тартуға көмектесу мақсатында құрылған. Орталық экстремизмнің әртүрлі деңгейлерінде тұрған адамдарға, соның ішінде сотталғандарға да қолдау көрсетеді. «Ақниет» радикал идеологиядан зардап шеккендерді оңалту бойынша көптеген жұмыс атқарып, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуге ерекше назар аударады. Орталық мамандары түрлі радикалдық топтарға тартылған адамдарға және олардың отбасыларына әлеуметтік қызметтер ұсынады, қоғамға қайта бейімделуге көмектеседі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) теологтары экстремистік идеологияға ұрынған азаматтарға теологиялық қолдау көрсетіп, олардың діни сенімдерін қайта қарастыруға көмектеседі. Жергілікті мешіттер мен имамдар арқылы діннің теріс жолына түскен адамдармен жеке әңгімелер жүргізіліп, олардың діни түсінігін өзгерту жұмыстары атқарылады. Облыстық және қалалық діни басқармалар да өз аймақтарында экстремизм ықпалына түскен азаматтарға жәрдемдесу мақсатында арнайы бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. 

Пенитенциарлық жүйедегі оңалту бағдарламалары. Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде экстремизм немесе терроризм үшін сотталған адамдармен жұмыс істейтін арнайы оңалту бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар экстремизмге қатысты қылмыс жасағандарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған. Қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтармен теологтар, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

Әйелдер мен балаларға арналған оңалту бағдарламалары. Шетелден қайтарылған азаматтар, соның ішінде әйелдер мен балалар экстремистік идеялар ықпалында болғаннан кейін оңалту орталықтарының ерекше назарында. Осыған байланысты арнайы оңалту бағдарламалары шеңберінде әйелдер мен балаларға психологиялық, әлеуметтік және білім беру шаралары ұсынылады. Мұндай орталықтарда радикалдық топтардың ықпалына түскен әйелдерге психологиялық көмек көрсетіліп, олардың қоғамға қайта бейімделуі үшін әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Балалар үшін арнайы білім беру және психологиялық оңалту бағдарламалары ұйымдастырылады.

Қазақстан діни экстремизммен күресте халықаралық ұйымдармен және шетелдік серіктестермен тығыз жұмыс істейді. Орталық Азиядағы көрші елдермен қауіпсіздік саласында ақпарат алмасу, бірлескен операциялар жүргізу және шекаралық аймақтардағы бақылауды күшейту шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Қазақстан БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдармен экстремизмге қарсы іс-қимылда тәжірибе бөліседі.

Үкіметтің қабылдаған шаралары арқасында елдегі ірі террорлық актілердің саны айтарлықтай азайды. Құқық қорғау органдары діни радикализмге қатысты қылмыстық істерді анықтап, олардың алдын алу бойынша бірқатар операциялар жүргізді. Қоғамда экстремистік топтардың қоғамға ықпалы азайып, олардың қызметі қатаң қадағалануда. Әлеуметтік желілерде немесе басқа да платформаларда радикалды діни идеяларды насихаттайтын топтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

“Жусан” операциясы аясында 2019 жылы Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарынан Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл гуманитарлық операцияның нәтижесінде 600-ден астам қазақстандық, оның ішінде әйелдер мен балалар елге қайтарылып, оларды оңалту және реинтеграциялау шаралары қабылданды. Бұл операция Қазақстанның терроризмге қарсы күрестегі маңызды қадамдарының бірі болып саналады.

2018-2023 жылдар аралығында елімізде тіркелген террористік қылмыстардың саны азайды. Мысалы, 2020 жылы тіркелген терроризммен байланысты қылмыстардың саны 2018 жылмен салыстырғанда төмен болды. Терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстық істер бойынша үкім шығарылған жағдайлар азайып келеді.

Соңғы бес жылда 20-дан астам ірі террористік актінің алдын алу операциялары жүргізілді. Құқық қорғау органдары бұл операциялар барысында террористік топтардың байланыс жүйелерін анықтап, олардың іс-әрекеттерін бұғаттады.
Сонымен қатар, 2018-2023 жылдары экстремизм мен терроризмге байланысты қылмыстар үшін қамауға алынған азаматтардың саны да азайған. 2021 жылы шамамен 200 адам экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген айыппен қамауға алынған болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді.

Соңғы жылдары интернеттегі радикалды топтарға қатысты 500-ден астам қылмыстық іс қозғалып, террористік мазмұндағы сайттар мен әлеуметтік желілерде аккаунттар бұғатталды.

Алайда саясаттанушы Талғат Жанысбай  ұлттық қауіпсіздік саласындағы іс-шаралар әлі де толық жетілмегенін алға тартып отыр.

«Өкінішке орай, елімізде терроризм, діни экстремизм және сыбайлас жемқорлық өте белең алып кетті. Әрине, 30 жыл бойы жиналып қалған мәселені бірден ретке келтіру мүмкін емес. Себебі бұл жас шыбық емес, қатып қалған ағаш іспеттес. Түзеймін десең, мұрт сынуы мүмкін. Сондықтан мемлекет терроризм мен діни экстремизммен жүйелі жұмыс жасауы керек. Алғашқы жылдары бізде «Жусан» операциясы болды. Сирияға алданып, жат ағымдардың тұзағына түскендерді елге қайтару жұмыстары атқарылды. Олардың көпшілігіне психологиялық көмек көрсетіліп келеді, кейбіреулері қамалды. Дегенмен әлі күнге дейін діни экстремизмді насихаттаушылардың іс-әрекеттері әлеуметтік желі арқылы өршіп тұр. Олардың артында шетел азаматтары тұрғаны түсінікті, міне солардың ықпалы әлі күшті. Сондықтан қазіргі қоғам екіге бөлінді. Бірі «ислам» дінін жамылған азаматтарды қолдап жатса, екінші тарап оларға қарсы. Ислам дінінде әр түрлі ағымдар бар. Әр ағымның өкілі өзінің іс-әрекетін дұрыс деп санайды. Сол себепті қоғамда қарама-қайшы пікірлер көп», - дейді сарапшы. 


Осы ретте әскери және шекаралық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Қазіргі таңда әскердегі әлімжеттік проблемасы бүкіл қоғамның назарында. Депутаттар бастаған топ, қарапайым халық болып әскердегі қауіпсіздікті нығайтуды талап етуде. Осыған орай Мемлекет басшысы биылғы жолдауында әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті.

«Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», - деген еді Жолдауында. 


Депутат Нартай Аралбайұлы келтірген статистикаға сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде 270  сарбаз әскерде қайтыс болған. Депутат осы сұмдықты болдырмас үшін Үкімет қандай шара қолданып жатыр деген сауал жолдаған еді. 

Қорғаныс министрлігінің жауабында 40 оқиғаның барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалғаны және 34 оқиға бойынша қылмыстық істер өндірісімен аяқталып, процестік шешімдер қабылданғаны жазылған. Сонымен қатар, бір де бір құқыққа қайшы әрекеттер тексеріссіз және алдын алу шараларын қабылдаусыз қалмайтындығына сендіретінін жеткізген. Осы мақсатта құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ішкі және ведомствоаралық бағдарламалық құжаттар әзірленіп, олардың талаптарын орындауға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.  Әскери бөлімдер мен бөлімшелердің барлығында жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері, телефон арқылы жақындарымен сөйлесудің «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі, әскери қызметшілердің арасында құқық бұзушылықтардың, қазалардың, жарақаттардың алдын алу бойынша тәжірибелік іс-әрекет алгоритмдері қолданылады.  Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында, әскери бөлімдерде әрбір  әскери қызметші өтінішімен жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен 3 сенім телефондары жұмыс істейді. Әскерде анонимді сауалнамалар, психологиялық тренингтер, телефон және видео арқылы сөйлесулер, ата-аналардың және роталық чаттар қызмет етеді. Әскерлерге әдістемелік ұсынымдар, сатылы алгоритмдер және кейстер жолданады, әскери тәртіпте артта қалған бөлімдердің басшылығына тәжірибелік көмек көрсетіледі.

«Шекаралық және әскери қауіпсіздік әлсіз. Өйткені жемқорлық өршіп тұр. Көптеген жүйеде осы жемқорлықтың салдарынан қаншама сыртқы күштер біздің шекарамыздан өтіп жатыр. Әрине, қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен, қазақта «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» демекші, кейбір жемқорлық саласындағы «үлкен» азаматтарымыз жазадан құтылып, тауық ұрлағандар қамалып жатқан сәттер тыйылар емес. Әсіресе, білім және денсаулық сақтау саласы жемқорлықтан алдығы орынға шықты деген мәлімет бар. Осы жылдың басында осы саладағы мектеп директорлары, бухгалтерлер мен аудан басшыларының былықтары әшкере болған еді. Бұл ретте жоғарыда айран ішіп отырған азаматтардың барын ұмытпау керек. Сондықтан бірінші кезекте алпауыт, мүйізі қарағайдай азаматтардан бастау керек деп ойлаймын», - деді саясаттанушы. 


2023 жылдың басынан бері осы салада барлығы 247 қылмыстық іс тіркелген. Олар бойынша шығын 15,5 млрд теңгені құрады.

Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында жымқырудың ең үлкен сомасы анықталды. Қылмыс жасауда 327 адам әшкереленді, оның ішінде 154 адам түрлі жазалау шараларымен сотталды. Осы ретте 86 бухгалтер, 17 мектепке дейінгі мекеме басшысы, 13 мектеп және колледж директоры, 4 білім бөлімінің басшысы және т. б. сотталды. Қазіргі уақытта 195 бухгалтер, 26 мектеп және колледж директоры, 21 мектепке дейінгі мекеме басшысы, 17 кәсіпкер, 17 білім бөлімінің басшысы тергеуде және күдікті деп танылды. Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциялық байланыстарының болмауы бюджет қаражатын жымқырудың көптеген фактілеріне себеп болды.