16 қар, 2023 сағат 17:13

Террористік топ құрамына кірген қазақстандық Болгариядан экстрадицияланды


Террористік топ мүшесі Болгариядан Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураға сілтеме жасап.

"Бүгін Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ІІМ Интерполының қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуі арқылы Болгария Республикасынан Қазақстан азаматын террористік топтың жұмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, ол радикалды діни ағымның қолдаушысы бола тұра, 2015 жылы Сирия Араб Республикасының аумағына барып террористік топтардың бірінің құрамына кірген.

Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, халықаралық іздеу жарияланған.

"Ағымдағы жылдың мамыр айында ол Болгария аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.

Фигурантты экстрадициялау Болгария тарапымен жасалған 2014 жылғы 14 қарашадағы адамдарды ұстап беру туралы екіжақты шарттың арқасында мүмкін болды" - делінген хабарламада.

Оған айып тағылған қылмыс үшін мүлікті тәркілеумен бірге 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.