16 ақп, 2022 сағат 13:10

Тергеу изоляторларындағы бақылауды екі есе күшейттік – Мейрам Аюбаев


Елімізде тергеу изоляторларындағы бақылау екі есе күшейтілді. Бұл туралы ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басым міндеттеріміздің бірі – ол құқыққа қарсы іс-әрекеттердің кез келген түрін жою. Заңнамада бұндай әрекеттерге қылмыстық жауаптылық көзделген. Қазақстан бұзушылықтардың, оның ішінде қатыгез, ар-намысты қорлайтын және өмір мен денсаулыққа қауіпті әрекеттердің алдын алу бойынша халықаралық міндеттемелерді алды. Қазақстан заңнамасы «Нельсон Мандела ережелері» деп аталатын тұтқындарға қатысты минималды стандартты ережелерге сәйкес келеді. «Қаңтардағы оқиғаларға» байланысты қамауға алынған азаматтардың ұстау жағдайларына қоғамның назары ерекше ауған кезде біз тергеу изоляторларындағы бақылауды екі есе күшейттік. Қоғамдық мониторинг жүргізуге толық мүмкіндік бердік», - деді төраға орынбасары Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде. 

Оның атап өтуінше, ҚАЖ комитетіне қарасты мекемелер жабық саналады. Сондықтан бұл жайта қылмыстық-атқару жүйесіне деген сенбеушілікті тудыруы мүмкін. Осыған орай комитет ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық-бақылау комиссиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірге жұмыс істеп жатыр. Олар қамаудағы азаматтардың құқықтары мен ұстау жағдайларына тәуелсіз мониторинг өткізеді.

«Мәселен, олар 13 тергеу изоляторында 60-тан астам рет болды. Мекемелердегі барлық тұрғын, қызметтік, коммуналдық-тұрмыстық бөлмелерді қоғам мүшелерінің комиссиясы тексереді. Тергеу изоляторларына түскен барлық адамдар міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді», - деді ол.

Оның дерегінше, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, «Адам құқықтары үшін хартия» қоғамдық қорының басшысы Жеміс Тұрмағамбетова бастаған комиссия қоғам мүшелерімен және адвокаттармен бірге тергеу изоляторларында ұстау жағдайларын тексерді. Олар 6 өңірде тергеуге қамалған 100-ден астам адамды қабылдады.

«Сондай-ақ, ұстау жағдайларын Мәжіліс, мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдар тексерді. Осы кездесулердің нәтижесінде мекеме әкімшілігіне шағымдар түскен жоқ», - деді Мейрам Аюбаев.