14 қаң, 2022 сағат 12:10

Теннис: Тимофей Скатов алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде ойнайды


Қазақстандық Тимофей Скатов өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Cкатов Аустралия ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалында португалиялық Гаштау Элиашпен кездесті. 

Қазақстандық теннисші 6:4, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда Тимофей 2:5 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестіре білді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды. 1 сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Скатов эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 3 брейкке (5 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Осылайша 20 жастағы Петропавл қаласының тумасы Тимофей ересектер арасында бірінші рет Grand Slam додасында бақ сынамақ. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында «Үлкен дулығада» өнер көрсетіп, 2017 жылы US Open жарысында жартылай финалға дейін жетті. 

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайыстарының финалында чехиялық Иржи Лехечкаға 6:4, 3:6, 3:6 есебімен есе жіберіп, негізгі турнирге өте алмай қалды.