Қазақстанның бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты Сидней WTA 500 турнирін жалғастыра алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей Рыбакина екінші айналымда франциялық Каролин Гарсиямен кездесуі тиіс болатын.
Ол өткен аптада Аделаида жарысының финалына дейін жетіп, тек әлемнің бірінші ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартиге жол берген еді.
«Өткен аптадағы матчтың көптігінен және Сиднейге келіп, кешегі бәсекені өткізгеннен кейін ағзам толықтай қалпына келмей, жамбасымда ауырсыну пайда болды. Жанкүйерлеріме айтарым, уайымдамаңыздар, Аустралия ашық чемпионатына дейін бабыма келіп, онда міндетті түрде өнер көрсетемін», деді Елена Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Сиднейде US Open чемпионын ұтқанын, қазақстандық үш теннисшінің Аустралия ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шыққанын жазған болатынбыз.